Мемлекет басшысы киберқауіпсіздікті күшейту мәселесін өз Жолдауында айрықша атап өткен еді, деп жазады Ertenmedia.kz.
Бүгін ҚСжАЕК жанындағы Қылмыстық қауіп-қатерлер және қоғамдық қауіпсіздіктің тәуекелдерін болжау орталығының алғашқы есебі тыңдалды. Жаңа құрылым қазірдің өзінде жасанды интеллект элементтерін пайдалана отырып, бірқатар цифрлық жобаны іске асыруға кіріскен.
Орталық «е-Өтініш» жүйесіне түсетін жолданымдарды талдайды, қылмыстық ахуалға болжам жасайды, сондай-ақ Қазақстан аумағына таралуы мүмкін сыртқы қатерді дер кезінде анықтау үшін әлемдегі қылмыстық қауіптерді бақылап отыр. Яғни жұмыс тек ішкі ахуалмен шектелмей, жаһандық деңгейдегі үрдістерді де қамтып келеді.
Жуырда осы орталық автокөлік иелеріне бағытталған ауқымды фишингтік шабуыл туралы алдын ала ескерту жасаған. Қаскүнемдер азаматтарға жол жүрісі қағидаларын бұзғаны жөнінде жалған «қаулы» жіберіп, ішінде «айыппұл төлеу» деген сілтеме ұсынады. Сол сілтемеге өткен адам ақшасынан айырылып қана қоймай, құрылғысына да зиян келтіруі мүмкін.
Мұндай шабуылдардың алғашқы деректері АҚШ пен Ресейде тіркелген. Осыған байланысты азаматтар мен мемлекеттік органдарға ықтимал тәуекелдер жөнінде алдын ала ақпарат беріліп жатыр. Негізгі мақсат – қауіптің ел ішіне кең таралуына жол бермеу.
Құзырлы органдар адамның құқығы мен мүддесін қорғауды басты міндет ретінде атап отыр. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, прокуратура киберқылмысқа қатысты қатерді дер кезінде анықтап, оның алдын алу үшін цифрлық болжам тетіктерін одан әрі дамытпақ. Осы бағыт енді қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етудегі жаңа жауапкершілік ретінде қаралып отыр.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







