Бүгінде Украинадағы соғыс майдан даласындағы қақтығыстардан бөлек, экономикалық және стратегиялық құралдар арқылы да жүріп жатыр. Forbes журналында жарияланған америкалық сарапшы Викрам Митталдың мақаласы бұл шындықты айқын көрсетеді. Онда Украина дрондарының Ресейдің мұнай өңдеу зауыттарына жасаған соққылары Мәскеудің әскери бюджетіне ауыр соққы болып тигені айтылған, – деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Бір жыл бұрын Киевтің қолында ешқандай «козырь» жоқ деген пікірлер жиі айтылатын, ал бүгінде жағдай түбегейлі өзгерген. Украина қолына нақты стратегиялық артықшылық алып, Кремльдің қаржылық жүйесін шайқалтуда.
Сарапшылардың есебінше, тек тамыз айының өзінде Ресейдің мұнай өңдеу қуатының шамамен 17 пайызы тоқтап қалған. Қыркүйекте де шабуылдар жалғасып, нәтижесінде Ресей ішінде жанармай тапшылығы мен бағаның күрт өсуі байқалып отыр. Бұл кез келген мемлекет үшін саяси тұрақсыздыққа жол ашатын қауіпті белгі.
Экономикалық қысымның күшеюі Кремльді майданға арналған қаржыны мұнай зауыттарын жөндеу мен инфрақұрылымды қалпына келтіруге бұруға мәжбүрледі. Яғни, Ресейдің әскери машинасына жұмсалатын ресурстардың бір бөлігі артқа, зауыттар мен мұнай құбырларын жөндеуге бағытталып жатыр.
Украинаның «Лютий» деп аталатын жаңа дрондары соғыс барысын түбегейлі өзгерткен. Ұшу радиусы екі мың шақырымнан асатын, жасанды интеллект элементтері бар бұл құрылғылар Мәскеудің терең тылына еніп, соққы беру қабілетіне ие. Мұның ең басты артықшылығы – Украина бұл операцияларды Батыспен ұзақ келіспей-ақ жүзеге асырады. Дрондардың дербестігі Киевке икемділік пен уақыт үнемдеу мүмкіндігін беріп отыр. Бұл – саяси-дипломатиялық тұрғыдан аса маңызды фактор. Себебі Украина өз стратегиясын тәуелсіз қалыптастыруда.
Қазір Ресейдің мұнай өнімдерін экспорттау жүйесіне де үлкен қауіп төніп тұр. Батыс санкцияларымен қоса, дрон шабуылдары сатып алушылардың сенімін шайқалтып, Мәскеуді «көлеңкелі флотқа» немесе жаңа нарықтарға тәуелділігі артуда. Бірақ бұл арзан әрі тез жүзеге асатын процесс емес. Экономикалық шығын күшейген сайын, Ресейдің халықаралық оқшаулануы тереңдей түсуде.
Forbes сарапшысы атап өткендей, Дональд Трамп бұған дейін «Украинада келіссөз жүргізуге ешқандай артықшылық жоқ» деп есептейтін. Алайда қазіргі жағдай бұл пікірді теріске шығарып отыр. Енді Киев майданда ғана емес, дипломатиялық алаңда да мықты позицияға ие бола бастағаны анық. Бұл – бейбіт келіссөз кезінде шарттарды сұраушы емес, талап қоюшы рөлін атқаруға мүмкіндік береді.
Соғыс қазір жаңа фазада. Дрондар соққысы – әскери қимыл ғана емес, экономикалық қару. Бұл Кремльді ресурстарын қайта бөлуге, ал Украинаға – уақыт ұтып, позициясын күшейтуге жол ашып отыр. Егер кампания жалғаса берсе, Ресейдің ішкі экономикалық дағдарысы тереңдеп, оның әскери әлеуеті әлсірей береді.