Атырау қаласындағы “APEC PetroTechnic” жоғары колледжінде елімізде тұңғыш рет жасанды интеллект зертханасы ашылды. “AI-Lab” деп аталатын бұл бастама Қазақстанның цифрлық дәуірге қадам басқан нақты айғағы ретінде бағаланып отыр, деп жазады Ertenmedia.kz.
Жобаға жас мамандар ғана емес, халықаралық серіктестер де атсалысты. Көршілес Қытайдың “Newland Era Hi-Tech” компаниясы мен отандық “KidsGo Technology” ұйымы зертхананың техникалық негізін дайындауға және бағдарламалық жүйелерін орнатуға қолдау көрсеткен. Колледж қабырғасындағы жаңа орталық техникалық және кәсіптік білім беру жүйесіне мүлде жаңа серпін бермек.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің Жолдауында “жасанды интеллект, үлкен деректер мен цифрлық шешімдер – болашақтың кепілі” екенін атап өткен еді. Сол стратегиялық бағыттың бір көрінісі осы “AI-Lab” зертханасы. Бұл жоба тек оқу ордасының имиджін көтеріп қана қоймай, еліміздегі еңбек нарығына жаңа буын мамандарын даярлауға мүмкіндік ашады. Қазірдің өзінде зертхана студенттерге тәжірибелік негізде оқыту жүргізуді, жасанды интеллект бойынша қолданбалы зерттеулер жасауды және цифрлық экономикаға бейім жаңа кадрлар дайындауды мақсат етіп отыр.
Жаңа зертхана толықтай заманауи құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілген. Мұнда нейрондық желілерді үйретуге арналған серверлер, бағдарламалау платформалары, робототехника және машиналық көру жүйелерін сынауға арналған құрылғылар бар. Мұғалімдер де арнайы курстардан өтіп, жаңа технологияларды игеріп жатыр. Ең маңыздысы зертхананың ашылуы тек бір колледждің жетістігі емес, жалпы еліміздің білім саласындағы үлкен бетбұрыс.
APEC PetroTechnic бұған дейін де Қазақстандағы инновациялық колледждердің бірі ретінде танылған еді. Енді жасанды интеллект зертханасының ашылуымен ол халықаралық деңгейдегі оқу орнына айналуға бір табан жақындады.
Колледж басшылығы алдағы уақытта зертхана базасында стартап жобаларды іске қосып, Қытай мен басқа да елдердің жетекші жоғары оқу орындарымен әріптестік орнатуды жоспарлап отыр. Осындай ынтымақтастықтың арқасында Қазақстанның білім беру жүйесі жаһандық технологиялық үдерістермен тең дәрежеде дамуға мүмкіндік алмақ.
APEC PetroTechnic-тің “AI-Lab” зертханасы елдегі техникалық білім мен инновацияның түйіскен тұсы. Ол жасанды интеллектті тек зерттеу емес, нақты өндірістік және әлеуметтік салаларда қолдануға жол ашатын платформа болмақ. Бұл бастама жастардың цифрлық сауатын арттырып, елдің интеллектуалдық әлеуетін күшейтеді. Уақыт талабына сай жаңа буын мамандардың қалыптасуы үшін дәл осындай жобалар қажет.