Депутат Базарбек банк секторына шүйлігіп, екінші деңгейлі банктерді жемқорлыққа жол беріп, мемлекеттің қаржысын мақсатсыз жұмсап, жауапкершіліктен жалтарып отыр деп айыптады. Таяқтың бір ұшы экс-премьер Асқар Мәминге де тиіп кетті деп жазады Ertenmedia.
Депутаттың айтуынша, Қазақстандағы банк жүйесі ұзақ жыл бойы айрықша мәртебеге ие болып, «банк құпиясы» деген желеумен талай заңсыз әрекетке жол берілген.
«Банктерді бюджеттен қаржы бөліп құтқарып келдік. Олардың капиталды шетелге шығаруына ешкім кедергі келтірмейді. Банктік ақпараттың қолжетімділігі әдейі шектеліп, бақылаушы органның жұмысына тосқауыл қойылды. Банк лоббиі биліктің дәлізінде талтаңдап жүрді», – дейді депутат.
Базарбек банктердің талай шұрайлы жерді жамбасына басып жатқанын жеткізді. Заң бойынша, банктер кепілге алынған учәскіні алты ай ішінде игермесе, жер мемлекетке қайтарылуы тиіс.
Бірақ банктер әлгі талапты айналып өтіп, жерді «Проблемалық кредиттер қорына» өткізіп, кейіннен жеке тұлғаларға сатып жібереді екен.
«Мемлекетке қайтарылуы тиіс жерді банктер білдірмей «Проблемалық кредиттер қорына» өткізіп, кейін оларды жеке саудаға шығарып сатады. Бұл ма, бұл Жер кодексіндегі қағиғадаға қайшы.
Мысалы, Halyk Bank-тің меншігінде және кепілінде жалпы аумағы 2 млн 589 мың гектар болатын 2153 жер телімі бар. Олардың құны 166 млрд 884 млн теңге. Ал «Проблемалық кредиттер қорында» жалпы аумағы 1 млн 159 мың гектар болатын 1298 жер телімі жатыр, құны 53 млрд 126 млн теңге.
Немесе 2020 жылы Асқар Мәмин қол қойған хаттамаға қараңызшы, Алматыда мектеп, аурухана, балабақша салуға арналған 383 гектар жер осы қорда кептеліп, ақыры құрылыс компанияларының қолына өтіп кеткен», – деді депутат.
Сондай-ақ Базарбек банктердің дағдарыс кезінде мемлекеттен алған миллиардтарды әлі күнге шейін толық қайтармағанын қатаң сынады.
«10 жыл бұрын банктерге бюджеттен қомақты қаражат берілді. Енді оны шым-шымдап қайтарып жатыр. Мысалы, «Нұрбанкке» 46 млрд теңгені 2030 жылға дейін қайтаруға мүмкіндік берілген. «Еуразиялық банкке» 150 млрд теңгені 2032 жылға дейін. Ал «Алатау Сити Банкке» мүлде керемет жағдай жасалған, оларға берілген 950 млрд теңгені үш кезеңге бөліп, 2034, 2034-2035 және 2040-2045 жылдар аралығында қайтарады. «Банк ЦентрКредитке» де 176 млрд теңгені 2032 жылға дейін қайтаруға рұқсат еткен. Осы ақылға сия ма?» – дейді ашуға мінген Базарбек.
Айтуынша, банктерге берілген мұндай артықшылық тап-таза лоббидің көрінісі.
«Қарапайым қазаққа осындай жеңілдік жасалар ма еді? Ел күйзеліп жүргенде, банктердің көңіліне қарап отырудың қажеті жоқ. Оларға кеңшілік жасауды тоқтатып, мемлекеттің қаржысын дәл қазір қайтартуға кірісу керек», – деп түйіндеді депутат.
Тұшымды контентті Ertenmedia-ның телеграм арнасынан оқыңыз.

