Маңғыстау облысының әкімі Нұрдәулет Қилыбай Маңғыстау ауданына жасаған жұмыс сапарында ауданның әлеуметтік-экономикалық ахуалын талдап, халықпен тікелей пікірлесуге басымдық берді. Мұндай кездесу өңір мен орталық биліктің арасын жалғайтын, нақты істер мен халықтың шынайы үнін қатар еститін маңызды диалог алаңы екені байқалды, – деп хабарлайды Ertenmedia.kz Маңғыстау облысы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Бүгінде Маңғыстау облысы әкімдігінде халықпен ашық әңгіме құру жұмыстың өзегіне айналған. Әсіресе, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы осындай жүздесулерде өміршеңдік табатыны көрінеді.
Кездесудің басында аудан әкімі Ғалымжан Ниязов 9 айдағы әлеуметтік-экономикалық дамуға шолу жасап өтті. 38 мыңнан астам халқы бар Маңғыстау ауданы ауыл шаруашылығы мен сервистік қызметтер саласында алға жылжып келеді. Инвестиция көлемі 58,4 миллиард теңгеге жетіп, былтырғыдан 39 пайызға өскен.
212 мыңнан астам төрт түлік өсіріліп жатқан аймақта егін шаруашылығына да бетбұрыс бар. 184 гектар алқапқа егін егілген. Бұл табиғаты шөлейт, жауын-шашыны аз өңір үшін елеулі қадам.
Ауыл шаруашылығының өркендеуіне субсидия мен су қос тірек болып тұр. Жаңадан 6 құдық қазылып, 11 ауылда ветеринарлық пункттер салынып жатқаны шаруаларға сенім беріп тұр. Осы тұста Шетпе тұрғыны Ерлан есімді азамат әкімге сауал қойды:
– Ауданымызда жер асты су көздерін зерттеу қаншалықты жүргізіліп жатыр? Су тапшылығы ең өзекті мәселе болып тұр, – деді ол.

Әкім мәселені назарға алғанын айтып, су ресурстарын басқару жұмыстары жоспарлы жүргізіліп жатқанын мәлімдеді.
Білім мен денсаулық саласы да басты назарда екені аңғарылады. 600 орындық жаңа мектеп пайдалануға беріліп, мектептер жаңа жиһазбен, компьютермен жабдықталған. Қосбұлақта жаңадан дәрігерлік амбулатория іске қосылып, ауылдық жерлердегі емдеу орындары жаңартылуда. «Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту» бағдарламасы осы игі істердің негізі.
Тұрғындармен сұхбат кезінде ауылдық инфрақұрылым, жол, жарық, тұрмыстық қалдықты шығару, жұмыссыздық, ауыз су тапшылығы мәселелері көтерілді. Нұрдәулет Қилыбай әр сауалға жеке тоқталды:
– Біз халықтың үніне құлақ асатын мемлекет құрып жатырмыз. Кез келген мәселе кезең-кезеңімен шешіледі. Бастысы шынайы сұрақты ашық айту. Сіздердің пікірлеріңіз біз үшін негізгі бағдар болады, – деді облыс әкімі.
Кәсіпкерлік саласында «Бір ауыл – бір өнім» жобасы аясында Кәсіпкерлік үйі ашылып, кәсіп ашам деген азаматтарға жол ашылып отыр. Жәрмеңке алаңы да іске қосылып, ауылдың экономикалық тынысын кеңейтіп тұр. Туризм бағытында Шерқала, Айрақты, Торыш сияқты табиғи нысандарды дамыту жобалары қолға алынған. Бұл – экономиканы әртараптандырудың аймақтық үлгісі.
Жиын соңында өңір басшысы жауапты басқарма мен аудан әкімдігіне нақты тапсырмалар берді. Ел Президентінің тапсырмасына сай халықтың әл-ауқатын арттыру негізгі міндет. Ал ауызбіршілік пен тұрақтылық кез келген бастаманың іргетасы. Сол үшін жергілікті билік пен халық арасындағы байланысты нығайту мемлекеттік саясаттың ажырамас бөлігі болып қала бермек.

