Президент Тоқаев Астанада өткен жиында әкімдермен кездесіп, жергілікті басқару жүйесіндегі өзекті мәселелерді талқылады, деп хабарлайды Ertenmedia.
Оның айтуынша, депутаттар мен белсенділер халықтың жиі сайлаудан қажығанын алға тартып, аудан әкімдерін сайлау тәртібін қайта қарауды ұсынып отыр.
«Кейбір сарапшылар мен азаматтар сайлау науқандары нақты жұмыстың орындалуына кедергі келтіреді деген пікірде. Бұл уәжді ескеруіміз керек. Аудан әкімдерін сайлау жүйесінің артықшылығы мен кемшілігін мұқият зерделеген жөн. Үкімет пен Парламент осы мәселені жан-жақты талқылап, нақты бір шешімге келуі тиіс», – деді Тоқаев.
Президент ауыл әкімдерінің құзыретіне қатысты да елеулі ескертпе жасады.
Оның сөзінше, ауылдық деңгейдегі әкімдер тұрғындардың нақты мәселесін шешетін құзыретке ие емес. Олардың көпшілігінде мемлекеттік базаларға кіру мүмкіндігі жоқ. Сонымен қатар ауыл әкімдерінің жұмысына қосымша міндет көп жүктелген.
«Ауыл әкімдері неліктен құқық қорғау органдарының заңмен бекітілген функциясын орындауы керек? Үкімет Мемлекеттік қызмет істері агенттігімен бірлесіп, аудандық және ауылдық әкімдердің қызметіндегі артық, қайталанатын және жетіспейтін құзыретті анықтауы қажет», – деді Президент.
Сонымен бірге Тоқаев әкімдердің халық алдында есеп беру міндетін заң жүзінде бекітуді тапсырды. Президенттің айтуынша, сайлауалды бағдарламаны орындамаған әкімдер қызметінен босатылады. Бұған қатысты шешімді халықтың өзі немесе саяси партиялар қабылдайды.
«Әкімдер халық алдында берген уәдесінің орындалуы туралы жүйелі түрде есеп беруі тиіс. Берген уәдесін орындамайтын немесе міндетін тиісті деңгейде атқармайтын әкімдер қызметінен кетуі қажет. Құрғақ сөз, популистік әрекеттер ауыл әкімдеріне ғана емес, сайлау институтына деген халықтың сенімін төмендетеді», – деді Тоқаев.
Жиында Президент тұрғындардың шағымдарына да тоқталды. Оның айтуынша, жол, аула, балалар алаңы сияқты мәселелер бойынша шағым көп түседі. Көбіне әкімдіктер мұндай хатты жауапсыз қалдырып, атүсті қарайда, нәтижесінде тұрғындар орталыққа, тіпті Президент әкімшілігіне жүгінуге мәжбүр.
«Жергілікті әкімге деген халық сенімінің деңгейін осындай хаттың санымен өлшеуге болады», – деді Мемлекет басшысы.
Тоқаев Парламент реформасы туралы ұсыныстарға да пікір білдірді. Мысалы, кейбір сарапшылар депутаттар санын халық санына байланысты 200-ге дейін көбейтуді ұсынған. Президент мұны құптамайтынын айтты. Сонымен бірге Президент Парламенттегі квотаны жоюды тапсырды. Енді депутаттар біртұтас тәртіппен сайланатын болады.
Тұшымды контентті Ertenmedia-ның телеграм арнасынан оқыңыз.
Тимур Сүлейменов санаған сома: қарызын жапқан банктер көшін кім бастады

