Бас аудитор Әлихан Смайылов жүргізген тексеріс нәтижесінде Жамбыл облысындағы өткір мәселелердің беті ашылды деп жазады Ertenmedia.
Жоғары аудиторлық палата Жамбыл өңірін тексеріп, аймақтағы жағдайға шынайы баға беріпті.
Соңғы 4 жылда облыстың ел экономикасындағы үлесі 2,7 пайыздан 2,3 пайызға дейін төмендеген. Инвестиция көлемі биыл біраз өскенімен, жалпы көрсеткіш бойынша басқа өңірлерден үш есе артта қалып отыр.
Аудиторлардың айтуынша, Ербол Қарашөкеев басқаратын облыс бюджетінің 80 пайызы әлі де орталықтың мойнында. Соңғы төрт жылда республикалық бюджеттен берілетін ақша 344 млрд теңгеден 521 млрд теңгеге жеткенімен, соның 38 млрд теңгесі жұмсалмай, босқа тұрған.
Өңірдің Астанаға тәуелдігі тым жоғары. Осы кезеңде бюджеттен берілген трансферттер көлемі 51 пайызға артқан.
Аудит әсіресе мем.тапсырысқа қатысты күмәнді жайттарды ашып көрсетті. Тараздағы құрылыс пен коммуналдық шаруашылық бөлімдері кейбір тапсырысты «құпия» форматта рәсімдеп, нарықта таза бәсекеге жол бермеген. Онымен қоймай, тендерді өздеріне жақын фирмаларға ұстата салған.
Айталық, қалалық жол жөндеуге 537 млн теңге алдын ала төленгенімен, жұмыс екі айдан аса басталмаған. Смайыловтың тамыздағы тексерісінен кейін ғана мердігерлер «есі кіріп», іске кіріскен.
Ең сорақысы Шу ауданындағы 18 ауылға газ тарту жобасы. Екі жылда бітуі тиіс жұмыс алты жылдан бері аяқталмай келеді. Сөйтіп 8,2 млрд теңге игерілмей, бюджетке кері қайтқан.
Өңірдің әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы да цифрларды ойша қысқартып, қағаз жүзінде «табысты» көрінгісі келген. Бұрын 18 көрсеткіш болса, қазір соның бесеуі ғана қалған. Оның өзі нақты нәтижелерге қарай қолдан «түзетіліпті».
Жалпы алғанда, аудит 58,5 млрд теңгеге заң бұзушылықты әшкереледі. Оның ішінде бухгалтерлік есеп бойынша былықтар 47,1 млрд теңге. Ал бюджет ақшасын тиімсіз жұмсау мен жоспарлау 75,6 млрд теңгеге жеткен. Бас аудитор Әлихан Смайылов бұл іске өзі араласып, жауапты адамдарды жазалап, заңға өзгеріс енгізуді жеке бақылауға алатынын мәлімдеді.
Бұған дейін Жоғары аудиторлық палата еліміздегі әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациялардың былық-шылығын әшкерелеген еді.
ӘКК-ның «ақша диірмені»: Смайылов Ұлттық экономика министрлігін сілкіледі

