«Kundelik» білім беру платформасына иелік етуші компания оқушылардың жеке деректерінің қауіпсіздігін тиісті деңгейде қамтамасыз етпегені үшін айыппұл төледі, деп жазады Ertenmedia.kz.
Мәліметтердің таралуы 2016-2020 жылдар аралығындағы ескі деректерге қатысты болған.
Жасанды интеллект және цифрлық даму вице-министрі Досжан Мусалиев деректердің жария болуы бұрын болған жағдай екенін айтты.
– Таралған ақпарат жүйедегі ескі мәліметтер, олар 2016-2020 жылдар кезеңіне қатысты. Ол деректер кейін өзгермеген, бүгінгі күнгі қолданыстағы ақпаратқа толық сәйкес келеді. Әрбір деректің таралуы әртүрлі жағдаймен байланысты, бұл жерде жүйеге сыртқы шабуыл жасалмаған. Пайдаланушылардың бірінің логині мен паролі 2020 жылы алынған болуы мүмкін, – деді вице-министр.
Цифрлық жауапсыздық
Оның айтуынша, жеке мәліметтердің қауіпсіздігін бұзғаны үшін компанияға 750 АЕК (2,9 млн теңге) көлемінде айыппұл салынды. Министрлік деректерді қосымша тексеру жұмыстарын жалғастыруда.
Ал компания 12 желтоқсан күні бірнеше мың оқушының дерегі ашық тарады деген ақпаратты «асығыс жасалған мәлімдеме» деп атаған болатын. Сондай-ақ, олар ішкі техникалық тексеру жүргізіліп жатқанын хабарлады.
Айтпақшы, Жамбыл облысында соттылығы бар азаматтар туралы деректерді заңсыз жойылғаннан кейін Жамбыл облысы Құқықтық статистика және арнайы есепке алу департаментінің басшысы қызметінен қуылған болатын.

