Қазақстандағы аса ірі байланыс операторы «Қазақтелеком» тоғыз айдың қаржылық есебін жариялады. Компанияның таза пайдасы өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда бірден 89 пайызға азайып, 17,4 миллиард теңгені құрады, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Қаржылық көрсеткіштердің күрт төмендеуінің негізгі себептерінің бірі – өткен жылғы жоғары база әсері. 2025 жылдың осы кезеңінде ұлттық оператор «Мобайл Телеком-Сервис» (Tele2/Altel) үлесін қатарлық инвесторларға 1,1 миллиард долларға сатқан еді. Бұл мәміле өткен жылы 106,4 миллиард теңге көлемінде біржолғы таза пайда әкеліп, 9 айлық көрсеткішті 153,8 миллиард теңгеге дейін жеткізген болатын.
Алайда сатылған активтің түсімін алып тастап, тек ағымдағы үздіксіз қызметті салыстырғанның өзінде компания жағдайы мәз емес. Былтырғы 47,3 миллиард теңгемен салыстырғанда таза пайда 63,2 пайызға төмендеген. Тек үшінші тоқсанның өзінде таза табыс 52 пайызға кеміп, 10,9 миллиард теңгені көрсетті.
Жалпы топтың түсімі тоғыз айда 5,7 пайызға өсіп, 436,2 миллиард теңгеге жеткен. Дегенмен қызметтерді ұсынуға кеткен тікелей шығыстар 9,4 пайызға артып, 350 миллиард теңгеден асып түсті. Салдарынан жалпы пайда 11,9 пайызға азайып, 93,5 миллиард теңгені құрады. Салыққа дейінгі пайда да 64,9 миллиардтан 24,9 миллиард теңгеге дейін сырғыды.
Компания қаржысына валюта бағамының құбылуы да ауыр соққы болды. Егер былтырғы 9 айда курстық айырмадан 2,2 миллиард теңге оң пайда түссе, биыл керісінше 7,7 миллиард теңге залал тіркелген.
Компанияның түсімін негізінен қарапайым халық қамтамасыз етуде. Тұрғындар төлеген қаржы 259 миллиард теңгеге жетіп, жалпы кірістің 59 пайызын құрады. Деректерді беру, яғни интернет желісі 221 миллиард теңге табыс әкелген. Ал мемлекеттік тапсырыстардан түскен қаражат 5 пайызға азайып, 41,5 миллиард теңгеге түсті.
Айта кетерлігі, топтың негізгі пайдасын әлі де ұялы байланыс операторы Kcell қамтамасыз етіп отыр. Ұялы байланыс салыққа дейін 24,5 миллиард теңге пайда әкелсе, тіркелген дәстүрлі байланыс (үй интернеті, телефон және теледидар) небәрі 3,9 миллиард теңге пайда тапқан. Бұл ретте тұтынушылардың берешегі 34 пайызға өсіп, 106 миллиард теңгеге жеткені байқалады.
Инвестициялық жүктеме және юаньға ауысқан борыш
Табыстың азаюына қарамастан, телеком алыбы ауқымды құрылыс жобаларын жалғастырып жатыр. Негізгі операциялық қызметтен 77 миллиард теңге ғана түскен кезде жабдықтар мен желілерді жаңартуға 229 миллиард теңге бағытталды. Жетпеген сома сырттан қарыз алу есебінен толтырылды.
Компания инфрақұрылымға шамамен 229 миллиард теңге құйған кезде оның негізгі қызметтен тапқан табысы небәрі 77 миллиард теңгені құрады. Арадағы тапшылық қарыз қаражатымен жабылып, соның салдарынан оператор борышының үштен екісі юаньға ауысты.
Болашақ құрылыстарға төленген аванстар 4 миллиардтан 82 миллиард теңгеге дейін секірген. Оның 29,4 миллиард теңгесі ауылдық елді мекендерге оптикалық талшықты желі тарту туралы шарт аясында «Транстелеком» серіктестігіне аударылған.
Қаржылық жағдайдың өзгеруі акционерлерге төленетін дивидендтерді де күрт шектеді. Өткен жылғы 9 айда активтерді сату есебінен 293 миллиард теңге дивиденд үлестірілсе, биыл бұл көрсеткіш небәрі 3,5 миллиард теңгеден аспады. Оған қоса, ауылдардағы пайда әкелмейтін байланысты субсидиялау бойынша мемлекеттік өтемақы тарифтері Цифрлық даму министрлігінде әлі бекітілмегендіктен, биыл бұл бағытта ешқандай субсидия төленбеген.
Кадрлық мәселелер және қысқарту жоспары
Қаржылық есептегі маңызды жайттардың бірі – персоналға кететін шығынның тез өсуі. Қызметкерлердің жалақысы, салықтар мен әлеуметтік төлемдер 12,9 пайызға көбейіп, 117,8 миллиард теңгеге жетті. Бұл – бүкіл компания түсімінің 27 пайызы. Яғни адамдарға жұмсалатын қаржы өсімі жалпы түсім қарқынынан едәуір жылдам болып тұр.
«Кеңседе отырған шамамен 10 мыңдай қызметкердің 50 пайызы қысқартылады, бір бөлігі басқа мамандықтарға қайта оқытылады», – деп мәлімдеген болатын цифрлық саладағы кадрлық реформалар туралы айтқан Бағдат Мусин.
Қазіргі таңда компанияның 89,5 пайыз акциясын «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры тікелей бақылауына алды. Бұрынғы жеке акционерлер кеткенімен, ұлттық операторға инфрақұрылымдық салмақ пен өсіп келе жатқан шығындарды оңтайландыру міндеті бұрынғыдан да өзекті бола түспек.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







