Қазақстанда АҚШ-тың мемлекеттік Kent State University жоғары оқу орнының филиалы ашылады. Жаңа білім беру алаңы бүкіл Орталық Азия аймағы үшін білікті авиация мамандарын даярлауға бағытталады, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Америкалық жетекші оқу орнымен келісім
Вице-премьер – Көлік министрі Әсел Жанасова Kent State University өкілдерімен кездесу өткізді. Шетелдік делегацияны оқу орнының атқарушы вице-президенті әрі проректоры Мелоди Танкерсли бастап келді. Тараптар азаматтық авиация саласына білікті кадрлар даярлау бағытындағы ынтымақтастықты талқылап, елімізде аталған американдық оқу орнының филиалын ашуға уағдаласты.
АҚШ-тың Kent State University оқу орны авиация саласына маман әзірлеу бойынша мол тәжірибеге ие. Университеттің оқу бағдарламалары халықаралық аккредитациядан өткен әрі оқу орнының жеке әуежайы мен арнайы оқу авиапаркі бар.
Орталық Азияға ортақ кадрлық алаң
Көлік министрлігінің мәліметінше, жаңа оқу орны отандық нарықтың ғана емес, бүкіл өңірдің авиациялық қажеттіліктерін өтеуге қауқарлы болады. Мұнда ұшқыштар, инженерлік-техникалық мамандар мен диспетчерлік қызметкерлер кешенді дайындықтан өтпек.
Министрлік аталған халықаралық бастаманың өңірлік маңызы зор екенін атап өтті.
«Жаңа білім беру алаңы тек еліміздің ішкі нарығы үшін ғана емес, бүкіл Орталық Азия өңірі үшін ұшқыштарды, инженерлік-техникалық құрамды және диспетчерлік қызметтерді даярлауға бағытталады», – деп хабарлады Көлік министрлігі.
Аймақтық авиация хабына айналу мақсаты
Кездесу барысында вице-премьер Әсел Жанасова салаға халықаралық озық стандарттарды енгізудің стратегиялық рөліне тоқталды. Оның пікірінше, кәсіби кадр әлеуетін қалыптастыру Қазақстанды өңірдегі басты авиациялық хабқа айналдыру міндетінің негізгі тетігі саналады.
Келіссөз қорытындысы бойынша екі тарап бірлескен білім беру жобаларына мүдделі екенін растап, филиал ашу жұмыстарын сарапшылар деңгейінде жан-жақты пысықтауды жалғастыруға уағдаласты.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







