Желілік коммуникациядағы смайлик, мем, эмодзи сынды элементтерді көпшілік тілдің деградациясы деп түсінеді, деп жазады Ertenmedia.kz.
Шын мәнінде олай емес. Мұндай белгілер тілдің дамуының белгісі.
Эмодзилер инфантилизмнің көрінісі емес
Өйткені мәтін арқылы интонацияны дәл беру қиын. Адамдар бұл олқылықты тез байқап, жазба тілдің кемшіліктерін жоя бастады. LOL, гифтер мен эмодзилер инфантилизмнің көрінісі емес, керісінше, стихиялы лингвистикалық инженерияның нақты көрінісі. Бүгінде интернет адамзатты эмоцияны білдірудің жаңа жолдарын табуға итермеледі. Мұны түсінуіміз керек.
Көп адам анонимдікті зұлымдық көреді. Бұл да жаңсақ пікір. Аноним болу-болмауды әркім өзі шешуі тиіс. Кейде никнейм адамның шын есімінен де адал болуы мүмкін.
Себебі онлайн-кеңістікте әлеуметтік мәртебе емес, аргумент маңыздырақ. Шынайы есімдер интернетке жарнамамен, платформалармен келді. Болашақта интернетте анонимдікті қосып-өшіретін қарапайым құрал пайда болады.
Ал вирустар мен спам интернеттің жүйелік ақауы деген түсінік те дұрыс емес. Мұны желілік байланыстың артуынан пайда болатын табиғи құбылыс деп қабылдаған ләзім.
Биологиядағы аурулар секілді, байланыс көбейген сайын вирус жұқтыру да жеңілдейді. Интернеттің тым табысты болуы осындай «паразитизмді» тудырды. Паразитизм кез келген дамыған жүйенің жанама өнімі. Тіпті, паразиттердің өзін пайдаланатын екінші деңгейдегі паразитизм де пайда болады.
Интернет адамды радикалдандырады деген пікір жартылай ғана дұрыс. Негізінде интернеттің өзі емес, адамның табиғаты осындай. Қорқыныш, ашу мен өзіндік бірегейлік анализден әлдеқайда тез әсер етеді. Интернет осы процесті жеңілдетті. Яғни, радикалдану желінің кемшілігі емес, адам психологиясына бейімделгендігінің көрінісі. Интернет ешкімнің көзқарасын нөлден қалыптастырмайды, тек бар көзқарасты күшейтеді.
Репутация интернетте қалыптасады
Алгоритмдер бізге пікір таңады деген де қате. Алгоритм жақсы мен жаманды ажырата алмайды, ол тек нәтижеге қарап жұмыс істейді. Егер қоғамда поляризация басталса, алгоритм сол процесті жеделдетеді. Ол сізге пікір таңбайды, тек бойыңыздағы бар сезімді күшейтіп, оны сенімге айналдырады.
Сол сияқты интернет адамды үстірт етті деген пікір шындыққа жанаспайды. Бір адам бір салада данышпан, ал басқа салада ақымақ болуы әбден мүмкін. Ол бес минут ішінде ақымақ пікір жазып, сосын ғылыми мақаланы оқып, кейін метафизикалық тақырыпта пікір таластыра алады.
Қазір интернет шынайы өмір емес деген түсінік те ескірген. Репутация интернетте қалыптасады, сонда құлдырайды. Радикалдану да интернеттен басталады. Сіз ешқашан көрмеген онлайн-досыңыз сіз үшін шынайы өмірдегі досыңыздан маңыздырақ болуы мүмкін. Біз әлі күнге дейін «реалды өмірде» деген тіркесті жиі қолданамыз, алайда интернет әлдеқашан шынайы өмірдің бір бөлігіне айналғанын мойындайтын кез жетті
Қорытындылай келе, интернет бүгінде жай ғана технологиядан әлдеқайда үлкен құбылыс. Ол адамның жеделдетілген эволюциясы деуге болады. Әсіресе жасанды интеллектімен қосылғанда. Интернет жаңа тілектерді туғызбайды, тек оларды білдіруді түбегейлі арзандатады. Сондықтан бізге әлем «бұзылып кеткендей» көрінеді. Шындығында ол бұзылған жоқ, бар болғаны көзге көріне бастады.

