Қара теңізде қазақ мұнайын тасуға келген танкірлерге жасалған дрон шабуылынан кейін еліміздің Сыртқы істері ресми мәлімдеме жасады, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Ведомство аталған оқиғаға қатысты алаңдаушылық білдіріп, халықаралық әріптестерді мұнай тасымалын қорғауға шақырып отыр. Осы мақсатта Ақорда дипломаттары АҚШ пен Батыс елшілерімен жедел кездесу өткізіп, теңіз жолдарындағы қауіпсіздікті күшейту мәселесін көтерді.
Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Ерлан Жетібаев шабуылға ұшыраған кемелердің заңды түрде мұнай тасымалдап жүргенін айтып, олардың халықаралық талаптарға сай екенін мәлімдеді. Ол мұндай оқиғалардың жиілеуі Қазақстан экспортына ғана емес, жалпы энергетикалық инфрақұрылымның тұрақтылығына қауіп төндіретінін атап өтті.
«Кремль? Киев? Қазақстан ешқандай әскери қақтығысқа араласып отырған жоқ. Еліміз Еуропаның энергетикалық қауіпсіздігін қамтамасыз етуге тұрақты, ұдайы үлес қосып келеді. Сол себепті серіктес мемлекеттерді осындай шабуылдарға жол бермеу үшін нақты қадамдар жасауға шақырамыз», – деді министрлік өкілі.
Бұған дейін қазақ мұнайын алуға бара жатқан Delta Harmony және Matilda танкерлеріне Қара теңізде дрондар тап берген болатын. Алғашқы танкер Теңіз кенішінен мұнай тиеуге Chevron компаниясы тарапынан жалданған. Ал екіншісін «ҚазМұнайГаздың» еншілес компаниясы «Қазтеңізкөлікфлоты» Қарашығанақ мұнайын тиеу үшін жіберген болатын. Шабуыл кезінде екі танкер де зақымданған, бірақ қозғалысын тоқтатпаған. Әйтеуір адам шығыны жоқ.
Сарым не дейді?
Осы мәселеге байланысты депутат Айдос Сарым пікір білдірді.
«Каспий құбыр консорциумының акционерлері арасында Ресеймен бірге Chevron сияқты ірі батыс компаниялары да бар. Киевке сөз өтетін АҚШ пен өзге де серіктестер қазақ мұнайының экспортын қорғауға атсалысып, мұндай шабуылға тосқауыл қоюы қажет», — дейді мәжілісмен.
Қара теңіздегі қақтығыс қазақ мұнайың күретамырын қысып тұрғанын біз бұған дейін жазғанбыз.
Киевтің шабуылына ашық наразылық білдірген Қазақстан Сыртқы істері Украинадан мұндай әрекетті дереу доғаруды талап еткен. Украин тарапы Астананы «мәскеушіл» ұстанымы үшін сынап, шабуылдың жанама салдарына дайын болуы керектігін ескерткен еді.
«Зеленский соғыстың зардабын Украина ғана емес, басқа елдер де сезінуі тиіс деп есептейтін тәрізді. Бірақ әлгі стратегия ақыр соңы Киевке қолдайтын елдердің соғысты тез аяқтау үшін Зеленскийге қысым көрсетуіне әкелуі ғажап емес», — дейді саяси сарапшы Нұрлан Жұмахан.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!

