Солтүстік Корея лидері Ким Чен Ын Онпо жұмысшылар демалыс орталығының ашылу салтанатына қатысты, деп жазады Ertenmedia.kz.
Демалыс орталығы елдегі ең ірі термалды шипажай кешені болып саналады. Табиғи ескерткіш мәртебесіне ие Онпо ыстық бұлақтары аумағында салынған кешеннің құрылысы бірнеше жылға созылған еді.
2018 жылдың шілдесінде дәл осы жерге келген Ким Чен Ын демалыс кешенінің санитарлық және басқарушылық жағдайын сынған болатын. Сол кезде нысанды толық жөндеуден өткізуге тапсырма берген ол, араға бірнеше жыл салып, жұмыстардың нәтижесін өзі тексеруге келді.
Салтанатты шара кезінде Ким Чен Ын демалыс орталығының әрбір бөлігін мұқият қарап шықты. Қара пальто мен туфли киіп, тіпті сыртқы киімін шешпестен ыстық су көздеріне дейін кіріп, әйелдерге арналған моншаны да өзі тексерген.
Моншада шомылып жүрген әйелдермен қысқа әңгімелескен лидердің жанында ер адамдар тобы да болған. Олардың кейбіреуі жейдесіз моншаға кірген, арасында жасы 80-нен асқан жоғары лауазымды шенеунік О Су Ённың да болғаны хабарланды.
Курортты аралап шыққан соң Ким Чен Ын былай деді:
– Ғимараттың әрбір бөлігі өте ыңғайлы әрі үйлесімді салынған. Архитектуралық элементтер қоршаған ортамен тамаша үйлесім тапқан, – деген көшбасы 2018 жылғы сапарын еске алып: – Ол кезде мұнда партия басшылығының жетістіктерін көрсететін тарихи ғимарат деген аты ғана болды, басқару ісі өте нашар еді. Қазір қайта жөндеуден өтіп, халық игілігіне қызмет ететін орталыққа айналғанына қарап, тағы бір маңызды міндеттің орындалғанын сезініп, мақтаныш етіп отырмын, – деп атап өтті.
Ким Чен Ын шенеуніктерге техникалық жабдықтарды сынақтан өткізіп, кешенді келесі айда пайдалануға беруді тапсырды. Сарапшылар бұл тапсырманы алдағы уақытта өтетін Солтүстік Кореяның Еңбек партиясының IX съезімен байланыстырып отыр. Осы арқылы ел басшысы съезге дейінгі жетістіктерін халыққа паш еткісі келеді деген пікір айтылды.
Елдің ресми насихат бөлімі де осы жөндеу жұмыстарының маңыздылығын ерекше атап: «2018 жылы төраға Кимнің сапарынан кейін Онпо аймағы түбегейлі өзгерді», – деп мәлімдеді.
Айтпақшы, танымал қазақ режиссері Тимур Бекмамбетовтің жаңа скринлайф-жанрындағы «Казнить нельзя помиловать» фильмі сыншылар тарапынан өте төмен баға алғаны мәлім болдлы.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!

