Астанада қызметтік борышын өтеу кезінде қаза тапқан 23 жастағы жедел жәрдем фельдшері Ұлдана Мырзуанның өліміне қатысты сотта жарыссөз өтті. Марқұмның анасы Сәлима Ешенқұлова соттан айыпталушы орындығында отырған мүлік иелері бірлестігінің (МИБ) төрайымын бас бостандығынан айырмауды сұрады, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
«Ақша қызымның күлкісін қайтармайды»
Сот залында сөз алған ана жалғыз қызынан айырылғаннан кейін ешқандай кек қуу немесе материалдық өтемақы алу ойында жоқ екенін айтып, егіле жылады. Оның сөзінше, ең басты мақсат – істің ақ-қарасын анықтап, шынайы әділдікке қол жеткізу.
Сәлима Ешенқұлова-Омарова айыпталушы Сәуле Жұбаниязованың жазасын жеңілдетуді өтінді:
«Ақша менің Ұлданамды қайтармайды. Ешқандай өтемақы оның күлкісін, дауысын, құшағын қайтара алмайды. Мен тек шындық пен әділдікті сұраймын. Ешкімнен кек алғым келмейді. Кінәлі адам жауапқа тартылуы тиіс. Бірақ егер Жұбаниязованың әрекетінде қылмыс құрамы болмаса, оны жауапкершіліктен босатуды сұраймын», – деді марқұмның анасы.
Прокурор екі жылға жаза тағайындауды сұрады
Іс бойынша мемлекеттік айыптаушы Саяжан Серікова МИБ төрайымы ғимарат қасбетінің қауіпсіздігіне тікелей жауапты болғанын алға тартты. Прокурордың айтуынша, техникалық ақаулар бұрыннан белгілі болған, алайда жауапты тұлға тиісті жөндеу шараларын ұйымдастырмаған.
Осыған байланысты қадағалау органы соттан айыпталушыға бас бостандығын шектеу жазасын тағайындауды сұрады.
«Айыптау тарапы Сәуле Жұбаниязованы Қылмыстық кодекстің 254-бабы бойынша кінәлі деп танып, оған екі жылға бас бостандығын шектеу жазасын тағайындауды сұрайды. Сонымен қатар үш жыл мерзімге кондоминиум нысандарын басқару қызметімен айналысу құқығынан айыру қажет», – деп мәлімдеді мемлекеттік айыптаушы.
Айыпталушының көз жасы және қайғылы оқиға
Сотталушы Сәуле Жұбаниязова өз кезегінде МИБ төрайымы қызметіне оқиғадан бар-жоғы жарты жыл бұрын ғана кіріскенін айтып, көз жасына ерік берді. Ол жалғызбасты ана екенін, қарт анасы мен екі баласы да дәл сол үйде тұратынын жеткізді. Оның айтуынша, егер қасбеттің қауіпті екенін білсе, ең алдымен өз отбасының қауіпсіздігі үшін дабыл қағатын еді.
Айыпталушының жантебірентерлік сөздерін естігенде Ұлдананың анасы да көз жасын тыя алмады.
Қайғылы жағдай 2025 жылдың 8 қарашасында Астанадағы тоғыз қабатты тұрғын үйлердің бірінде болған. Ғимарат қасбетіндегі кірпіш қаптамасы мен ауыр кондиционер бекіткіші құлап, адамдар зардап шеккен. Шақыртуға келген 23 жастағы фельдшер Ұлдана Мырзуан жараланған тұрғындарға алғашқы көмек көрсетуге ұмтылған сәтте үстіне кірпіштер қайта құлап түскен еді. Ауыр бас-ми жарақатын алған бойжеткен он күннен соң ауруханада көз жұмды. Президент жарлығымен оған қайтыс болғаннан кейін «Ерлігі үшін» медалі берілген.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







