Қазақстанның вице-президенті Ерлан Қарин елімізде жарияланған Жалпыұлттық аза тұту күніне байланысты қазақстандықтарға үндеу жасап, Каспий теңізіндегі оқу-жаттығу кезінде қаза тапқан әскери қызметшілердің жақындарына қайғырып көңіл айтты, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Жалпыұлттық аза тұту және ортақ қайғы
Вице-президент Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың өкімімен елімізде Жалпыұлттық аза тұту күні жарияланғанын еске салды. Қаралы күнге байланысты республика аумағындағы барлық Мемлекеттік Тулар төмен түсіріліп, ойын-сауық іс-шараларына шектеу қойылды.
Сондай-ақ телеарналар мен радиолардың хабар тарату кестесі өзгертіліп, ақпараттық сайттар мен басылымдар қаралы реңкке көшті. Белгіленген тәртіпке сай, мемлекеттік деңгейдегі барлық ресми жиындар қаза тапқан сарбаздарды бір минут үнсіздікпен еске алудан басталды.
Мемлекеттік қолдау және тергеу шаралары
Вице-президент жауынгерлердің ел алдындағы борышын абыроймен өтегенін атап өтіп, олардың қазасы бүкіл елдің қабырғасын қайыстырғанын жеткізді. Ол қайғылы оқиғаға байланысты мемлекет тарапынан жасалып жатқан нақты қадамдарға тоқталды.
«Қайтыс болған әскери қызметшілердің отбасыларына тағы да қайғысына ортақтасып көңіл айтамын. Жауынгерлер Отан алдындағы әскери борышын адал атқарды. Арнайы Үкіметтік комиссия құрылып, жұмысын бастағаны белгілі. Құқық қорғау органдары тарапынан тиісті тергеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Мемлекет басшысы қаза тапқан азаматтардың туған-туыстарына жан-жақты көмек пен қолдау көрсетуді тапсырды. Одан бөлек еліміздің белгілі кәсіпкерлері марқұмдардың отбасыларын материалдық тұрғыдан қолдайтындарын мәлімдеуде», – деп жазды Ерлан Қарин.
Мемлекеттің беріктігі қысылтаяң шақта білінеді
Қоғамдық бірліктің шынайы сыналар шағы нақ осындай қаралы күндер екенін айтқан саясаткер ел ішіндегі татулық пен өзара қамқорлықтың маңызын қадап көрсетті. Ол барша отандастарды сабыр сақтап, қиындықты бірге еңсеруге үндеді.
«Халқымыз осынау қиын сәтте тағы да өзінің береке-бірлігін көрсетіп, ауыр қайғыны бөлісуде. Жұрттың ынтымағы, мемлекеттің беріктігі осындай қысылтаяң шақта білінеді. Сол себепті баршамыз сабыр сақтап, бір-бірімізге қамқорлық танытып, елдігімізді білдіріп, ауыр сынақтан бірлесіп шығайық. Көк байрағымыз әрдайым биікте желбіресін, тұғырынан түспесін», – деп түйіндеді вице-президент.
Еске салсақ, 24 қыркүйекте Маңғыстау облысында өткен әскери оқу-жаттығу кезінде ауа райы күрт бұзылып, 17 әскери қызметшіні толқын ашық теңізге алып кеткен еді. Қайғылы оқиға салдарынан 14 сарбаз көз жұмып, үшеуі аман қалды. Қазіргі уақытта Қорғаныс министрлігінің жоғары лауазымды бес офицері күдікті ретінде қамауға алынып, Бас прокуратураның қатаң бақылауымен тергеу жүріп жатыр.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







