Қазақстанның жаңа Конституциясы мазмұны, мағынасы, тілі мен жаңашыл тәсілі тұрғысынан қазіргі қолданыстағы құжаттан түбегейлі ерекшеленеді.
Бұл туралы Конституциялық комиссияның кезекті отырысында Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин мәлімдеді деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Қарин қазіргі Ата заң мәтінінің тым күрделі әрі түсініксіз екенін сынға алып, жаңа Конституцияның дайындалуы осындай олқылықтарды жоюға бағытталғанын айтты.
«Қазіргі Ата заңымыздың кей баптарын бірнеше рет оқысаңыз да, түсіну өте қиын. Мәселен, 13-баптың 1-тармағында: «Әркімнің құқық субъектісі ретінде танылуына құқығы бар және өзінің құқықтары мен бостандықтарын заңға қайшы келмейтін барлық тәсілдермен, оның ішінде қажетті қорғанысты қоса алғанда, қорғауға хақылы» делінген. Осы сөйлемді оқыған адам не ұғады? Тыңдарман да, оқырман да оның мәнін анық түсіне бермейді», – дейді Мемлекеттік кеңесші.
Қариннің айтуынша, 1995 жылғы Конституцияны әзірлеу кезінде бірқатар жүйелі қателіктерге жол берілген. Мұндай мағынасы бұлыңғыр сөйлемдер мен қисынсыз терминология басқа баптарда да жиі кездеседі.
«Жаңа Конституция жобасы осы олқылықтардың бәрін ескеріп, түбегейлі жаңа мазмұнмен, тың концепциямен және бүгінгі заман талабына сай айқын әрі түсінікті тілде жазылды», – деп атап өтті Ерлан Қарин.
Қате мен калькаға толы құжат
Ол жаңа жоба бойынша енгізілген бірнеше нақты түзетулерді мысалға келтірді.
Мысалы, қолданыстағы Конституциядағы «Мемлекеттік гимн» термині ресми қазақша нұсқасындағыдай «Мемлекеттік әнұран» сөзімен ауыстырылады. Бұл түзету терминдердің ресми бекітілген атауларын нақты сақтауға бағытталған.
Сонымен қатар, «әскерилендірілген құрамалар құруға тыйым салынады» деген тұжырымдағы «құрама» сөзі қазіргі кезде мүлде басқа мағынада қолданылатынына байланысты, оның орнына «әскерилендірілген жасақтар құруға тыйым салынады» деген жаңа, нақты терминология ұсынылған.
Бұған қоса, «сайлау тағайындайды» деген сөйлемнің орнына «сайлау өткізу туралы шешім қабылданады» деген анағұрлым нақты әрі заңды термин енгізілмек.
«Кешірім жасауды жүзеге асыру» деген орыс тілінен тікелей аударылған қате, калька тұжырым да өзгертіледі. Оның орнына қазақ тілінің ішкі табиғатына сай «кешірім беру туралы шешім қабылдайды» деген дұрыс әрі нақты нұсқа қолданылмақ.
Кеңселік стильден арылған жаңа Ата заң
Мемлекеттік кеңесші ескірген терминология да толығымен қайта қаралып жатқанын хабарлады. Мәселен, «мемлекеттік қауіпсіздік» терминінің орнына бүгінгі әлемдік тәжірибеге сәйкес «ұлттық қауіпсіздік» деген нақты ұғым қолданылады.
Сонымен қатар, қазақ тілінің табиғатына жат әрі кеңселік стильге тән «болып табылады» деген тіркес жаңа Конституция мәтінінен мүлде алынып тасталады. Осылайша, мәтін заманауи қазақ тілінің нормаларына толық сәйкестендіріледі.
«Еліміздің тарихында тұңғыш рет Ата заңның мәтіні басынан аяғына дейін мемлекеттік тілде жазылды. Бұл тіл мамандары мен заңгерлердің ортақ еңбегінің жемісі», – деп ерекше атап өтті Ерлан Қарин.
Қарин жаңа Конституцияның мазмұны да, рухы да, тілдік тұжырымдамасы да Қазақстанның қазіргі даму бағыты мен қоғам сұранысына толық сәйкес келетінін айтты. «Бұл құжат Қазақстандағы конституциялық реформалардың жаңа кезеңі. Сондықтан қоғамның қолдауы мен кең талқылауы біз үшін өте маңызды», – деді Мемкеңесші.
Айта кетелік, бұған дейін Қарин қазақ тіліне қатысты пікір білдіріп, мемлекеттік тілдің тұғырдан түспесіне кепілдік берген.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!

