Биыл Қазақстанда 164 мың азаматқа бала тууға және оны күтіп-бағуға байланысты жәрдемақылар мен әлеуметтік төлемдер тағайындалды деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мәліметінше, қаңтар айының өзінде осы мақсатта бюджеттен және Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан жалпы сомасы 59,2 млрд теңге қаржы бөлінген.
Атап айтқанда, 2026 жылдың қаңтарында жаңа туған сәбилерге берілетін бір реттік жәрдемақыны 28,5 мың адам алып, оларға бюджеттен 5,6 млрд теңге қаражат төленген. Ал бір жарым жасқа дейінгі бала күтімі үшін ай сайынғы жәрдемақыны қаңтарда 130,2 мың адам алды. Осы санаттағы отбасыларға бюджеттен 4,2 млрд теңге қарастырылған.
Жөргекпұл 2026: нені білу маңызды?
Мемлекет бала тууға берілетін жәрдемақыны есептегенде айлық есептік көрсеткішті (АЕК) басшылыққа алады. Осыған сәйкес:
- бірінші, екінші, үшінші балаға – 38 АЕК (164 350 теңге);
- төртінші және одан кейінгі балаларға – 63 АЕК (272 475 теңге).
Бір жарым жасқа дейінгі бала күтіміне арналған ай сайынғы төлемнің көлемі мынадай:
- бірінші балаға – 5,76 АЕК (24 912 теңге);
- екінші балаға – 6,81 АЕК (29 454 теңге);
- үшінші балаға – 7,85 АЕК (33 952 теңге);
- төртінші және одан кейінгі балаларға – 8,90 АЕК (38 493 теңге).
Сонымен қатар…
Жұмыс істейтін әйелдерге жүктілік пен босануға байланысты демалыс кезінде табысынан айырылған жағдайда әлеуметтік төлем қарастырылған. Оның мөлшері соңғы бір жылда әлеуметтік қорға аударылған жарна негізінде есептеледі.
2026 жылдың қаңтар айында осындай бірреттік төлемді 17,4 мың әйел алды. Жалпы төленген қаржы көлемі – 16,8 млрд теңге, ал орташа есеппен әр адамға шаққанда 1 160 626 теңгені құраған.
Сондай-ақ, Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан жұмыс істейтін азаматтарға бір жарым жасқа дейінгі бала күтіміне байланысты табысынан айырылуы себепті ай сайынғы төлем беріледі. Оның мөлшері соңғы екі жылдағы орташа айлық табыстың 40%-ына тең. Егер егіз не одан да көп бала дүниеге келсе, төлем әр балаға жеке-жеке есептеледі.
Қаңтарда осы төлем түрі 16,5 мың азаматқа тағайындалып, жалпы сомасы 32,6 млрд теңге төленген. Орташа айлық төлем көлемі – 78 294 теңге.
Дегенмен, Үкімет жыл өткен сайын сараң болып барады. Бұған дейін Бектенов әлеуметтік салаға қатаң карантин енгізетінін мәлімдеген еді.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!

