Мемкірістер комитеті 2022-2023 жылы жүргізілген тексеру қорытындысын жариялап, желідегі танымал тұлғалардың жасырын табысын әшкереледі деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Комитет дерегінше, шамамен 850 блогер табысын төмендетіп көрсеткені үшін мемлекетке мәжбүрлі түрде 500 млн теңге төлеген.
«Өткен жылы 2022-2023 жылдарға арналған камералды бақылау жүргізілді. Жалпы тексеруге шамамен 80 мың азамат ілікті. Соның ішінде 850 блогерге ерекше назар аударып, әлгі соманы өндірдік», – деді 24kz арнасына сұхбат берген комитет өкілі Ерқанат Шыңберген.
Қазір банк аударымдары автоматты түрде талданады. Сондықтан жарнамадан түскен кірісті жеке аударым немесе сыйлық ретінде көрсетіп, жасырып қалу мүмкін болмай қалған. Шыңбергеннің сөзінше, бақылауға тек ақша ғана емес, бартер негізіндегі келісім мен бағалы сыйлық та кіреді.
Олар түгелдей кәсіпкерлік табыс ретінде есептеледі. Оған сәлден соң тоқталамыз.
Комитет заңбұзушылықты қалай анықтайды?
Алдымен азаматтың тапсырған декларациясын банк және басқа меморгандардың мәліметімен салыстырады. Қарама-қайшылық анықталса, азаматқа хабарлама жолданады.
Салық төлеушіге екі мүмкіндік беріледі. Біріншісі заңбұзушылықты мойындап, салықты толық төлеу және декларациясын өзгерту. Екіншісі комитет шешімімен келіспеген жағдайда, 30 күн ішінде түсініктеме беріп, қарсы уәж келтіру.
Егер хабарламаға ешқандай жауап берілмесе, тексеріс басталады. Комитеттің жеке шоттағы ақшаны мәжбүрлі түрде өндіріп алатын құзіреті де бар. Салықшылар назарынан тек қолма-қол ақша өтпейді.
«Бартер жолымен келген кез келген мүлік, бағалы сыйлық та табыс болып саналады, міндетті түрде салық салынады. Әлемжелідегі коммерциялық бағыттағы жарнамалық жазба кәсіпкерлік қызмет ретінде қарастырылады», – деп нақтылады Шыңберген.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!

