Алматыдағы Наурызбай ауданы «Аlma city 5» тұрғын үй кешенінің тұрғындары қала әкімі Дархан Сатыбалдыға үндеу жолдады деп жазады Ertenmedia.kz.
Аталған тұрғын үй мембағдарлама аясында салынған. Барлығы 128 үй, 4 мыңға жуық пәтер қолданысқа берілген болатын.
«Бұл жерде көпбалалы, үйінде мүгедек баласы бар отбасылар және бюджет қызметкерлері тұрады. Осыншама адам тұратын ауданымызда инфрақұрылым деген атымен жоқ. Іргеміздегі «Аlma city 5-2″ тұрғын үй кешенін қоса алғанда 6 мыңнан аса пәтері бар іргелі ауданда 1200 оқушыға арналған бір ғана мектеп бар. Балабақша мүлдем жоқ», — дейді ашынған тұрғындар.
Әкімдік не дейді?
Айтуынша, осы мәселемен қалалық әкімдікке сан рет барып, басқарма басшыларымен жолыққан. Солай бола тұра нәтиже жоқ. Кешеннің маңындағы бос учаскілерді құрылыс компаниялары қоршап алыпты. Алдағы уақытта ол жерлерге де жаңа тұрғын үй түсе бастамақ.
«Әкімдіктен бұлардың орнына әлеуметтік нысан салуды талап етеміз. Бізге балабақша, мектеп, мүгедектігі балаларға арналған білім орталығы, саябақ, емхана ауадай қажет», — дейді кешен тұрғындары.
Айта кетелік, Аlma city Алматының шетінде орналасқан қазақы аудан. Қала тұрғындары өз кезегінде Дархан Сатыбалдыны ауданға арнайы шақырып, жағдайды өз көзімен көруге өтініп отыр.
«Барлық әлеуметтік игіліктен тысқары қалдық. Тіпті қоғамдық көлік те қатынамайды. Аялдамаға жету азап. Мүгедек баласы бар отбасылар сыртқа шыға алмайды. Жасы келген адамдар кешке серуендейтін жер таппайды. Дархан Амангелдіұлы, біздің кешенге келіп, халықпен кездесуді сұраймыз», — дейді тұрғындар.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!

