Президент Тоқаев Қырғызстан басшысы Садыр Жапаровпен телефон арқылы тілдесіп, оның соңғы шешімін қолдайтынын жеткізді деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Әңгіме барысында Тоқаев қазақ-қырғыз қарым-қатынасының қарқынды дамып жатқанын атап өткен екен. Бұған тұрақты саяси диалог пен екі ел үкіметтері, іскер топтары арасындағы тығыз байланыс ықпал етуде.
Тараптар сауда-экономикалық, көлік-логистикалық, су-энергетика саласындағы серіктестіктің жоғары деңгейде дамып жатқанын сөз етіпті. Бауырлас елдердің байланысын одан әрі нығайтуға мүдделіне екеніне ерекше екпін беріпті.
Тоқаев Қазақстандағы конституциялық реформаның маңызын түсіндіріп, бастамалар елдің тұрақты дамуына негіз болатынын айтқан. Жапаров өз кезегінде Ақорда ұйытқы болған ауқымды өзгерістерге толық қолдау білдірді.
«Аймақтық ынтымақтастыққа қатысты барлық мәселеде сөзіміз бір жерден шығып жатыр», — деген екен қырғыз басшысы. Өз тарапынан Тоқаев Бішкекте өтетін Шанхай ынтымақтастық ұйымының саммиті мен Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының табысты болуына тілектестігін білдірді.
Ең бастысы…
Қазақстан басшысы Садыр Жапаровтың ел бірлігін сақтау және Қырғызстан мемлекеттілігін нығайту бағытындағы шешімін қолдайтынын атап өткен.
Айта кетейік, күні кеше Қырғызстанның Ұлттық қауіпсіздік мемлекеттік комитетінің төрағасы Қамшыбек Тәшиев қызметінен түскен еді. Жапаров Тәшиевті отставкаға жіберудің басты себебі ретінде елдің тұтастығын сақтау, мемлекеттік органдар арасындағы жіктелуге жол бермеу қажеттігін атаған.
«Қамшеке? Екеуіміз дос қала береміз. Бірақ ол енді мемлекеттік қызметке қайта оралмайды. Досым демалып, денсаулығын күткені жөн», – деген осы тұста Қырғызстан президенті.
Сондай-ақ ол елде солтүстік-оңтүстік болып бөлінуге және мемлекеттік төңкеріске ешқашан жол бермейтінін мәлімдеген. Әзірге Бішкектегі саяси, күштік блокта ауыс-түйістер жалғасып жатыр. Тәшиевпен байланысы бар тұлғалардың біразы тұтқындалып үлгерді. Бұған дейін Тәшиевтің төңірегі елдегі ықпалды тұлғаларға хабарласып, «генерал жағына өтіңдер» деген үгіт жүргізгені белгілі болған.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!

