Алматыда ақпан айы ақылға сыймайтын мінез танытып тұр. 2026 жылдың 19 ақпанында қалада ауа температурасы 23 градусқа дейін көтеріліп, бұрынғы метеорологиялық рекорд толығымен жаңартылды деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Қала тұрғындары қыс ортасындағы көктемнің күтпеген келуін көшеде серуендеп, кофені сыртта ішіп, жазғы демалыс сезіміндей қарсы алып жатыр.
«Қазгидрометтің» дерегінше 19 ақпан күні Алматыдағы метеостанция +22,8 градусты көрсетті. Осы арқылы 2021 жылғы 19 ақпанда тіркелген +16,3 градустық рекорд бірнеше градусқа бір-ақ секірді.
Синоптиктердің айтуынша, қалада ауа райының дәл осылайша жылынуы жылы ауа массаларының әсері мен суық фронттардың болмауынан. Мұндай ерекше құбылыс Алматы үшін аномалия деп бағалануда. Өйткені әдетте ақпанның аяғында қалада күндізгі жылылық +15 градустан аспайтын еді.
Дегенмен мұндай жайма-шуақ күндердің дәурені қысқа болмақ. Синоптиктер 20 ақпаннан бастап Алматыда температура біртіндеп төмендейтінін айтты. Жұма, 20 ақпан күні күндіз +12+14 градус, түнде +4+6, ал сенбіде ауа күндіз +7+9, түнде +3+5 градусқа дейін суытады. 22 ақпан, жексенбі күні түнде температура 0, -2 градусқа дейін түсіп, күндіз +8+10 градус шамасында болады деп болжанды.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!

