Қазақстанда әйелдердің мемлекеттік басқаруға, кәсіпкерлікке және қоғамдық өмірге қатысу мүмкіндіктері кеңейіп келеді. Сонымен қатар азаматтардың құқықтарын қорғаудың заңнамалық тетіктері жетілдіріліп, отбасыларды қолдау институттары нығайып жатыр. Гендерлік саясат саласындағы ауқымды өзгерістер мен халықаралық міндеттемелердің орындалуы туралы Techno Women басқарма төрайымы Азиза Шужеева айтып берді, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Сарапшының сөзінше, Қазақстан тең құқықтар мен мүмкіндіктерді қамтамасыз етудің кешенді құқықтық тетіктерін жүйелі түрде нығайтып келеді. Бұл бағыттағы негізгі бағдарлардың қатарында 2030 жылға дейінгі отбасылық және гендерлік саясат тұжырымдамасы мен әйелдер көшбасшылығын жүйелі қолдауға бағытталған Үкіметтің жол картасы бар.
Азиза Шужеева әйелдерге, жастарға және мүгедектігі бар адамдарға арналған 30 пайыздық заңнамалық квота өкілді билік органдарындағы олардың белсенділігін арттырғанын атап өтті. Яғни, бір палаталы Парламент – Құрылтай сайлауының қорытындысы бойынша 49 әйел депутат болып сайланды. Бұл депутаттардың жалпы санының 33, 8 пайызына тең.
Мемлекеттік қызмет саласында да әйелдердің үлесі жоғары. Қазақстандағы мемлекеттік қызметшілердің 56 пайызы – әйелдер, ал басшылық лауазымдардағы олардың үлесі 38, 9 пайызға жеткен. Сот жүйесінде де әйелдердің өкілдігі айтарлықтай: облыстық соттар судьяларының 48, 7 пайызы, аудандық соттар судьяларының 55, 4 пайызы – әйелдер.
Азаматтардың көшбасшылық әлеуетін дамыту мен кәсіби өсуіне мүмкіндік беретін «Томирис» білім беру бағдарламасы да табысты жүзеге асырылып келеді. Бағдарлама осы уақытқа дейін жүздеген басқарушы маман даярлаған.
Азиза Шужеева әйелдер мен балаларды жан-жақты қорғауға бағытталған заңнаманың жетілдірілуіне де тоқталды. Қабылданған құқықтық нормалар азаматтарды құқықтық қорғау мен құқық бұзушылықтардың алдын алуға бағытталған жүйелі тәсілге көшуді бекітті.
Қазақстан әйелдер кәсіпкерлігін дамытуда да жоғары көрсеткіштерге қол жеткізіп отыр. Еңбек кодексіндегі кәсіптерге қатысты шектеулердің алынып тасталуы экономикалық белсенділікті арттыруға серпін берді. Қазір елдегі шағын және орта бизнес субъектілерінің шамамен 48 пайызы әйелдердің иелігінде.
Азиза Шужеева Қазақстанның мемлекеттік саясаттағы басымдықтары ЕҚЫҰ-ның Іс-қимыл жоспары мен БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің «Әйелдер, бейбітшілік және қауіпсіздік» жөніндегі қарарларымен толық үндесетінін атап өтті.
Сарапшының бағалауынша, дамыған құқықтық кепілдіктер, кәсіпкерлікті жан-жақты қолдау және тиімді әлеуметтік институттар Қазақстанда үйлесімді, қауіпсіз әрі инклюзивті қоғамның қалыптасуына берік негіз қалайды.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







