Украина билігі АҚШ Мемдепартаментінен Каспий құбыр консорциумына (КТК) шабуылды тоқтату туралы ресми ескерту алды деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Украинаның АҚШ-тағы елшісі Ольга Стефанишинаның мәлім еткеніндей, Уашиңтон тарапынан жолданған үшбу хатта Новороссийск маңындағы КТК теңіз терминалына жасалған шабуыл Қазақстандағы Әміриканың экономикалық мүддесіне нұқсан келтіретіні нақты көрсетілген.
«Елші хаттың толық мазмұнын ашып айтпады, алайда әлгі жағдайды ресми демарш деп бағалап отыр», — деп жазады осы тұста Reuters.
Стефанишина Ақ үйдің Киевке жолданған хатында ресейлік энергетика нысандарын қанша төпелесе де өзі білетінін
тек Әміриканың экономикалық мүддесімен тікелей байланысты нақты нысандарға соққы бермеу туралы талап қойылғанын жеткізді.
Елші сондай-ақ, Украина тәуелсіздік алғаннан бергі кезеңде АҚШ-пен тығыз қарым-қатынас орната алмағанын мойындап, осы бағытта тың қадам жасалатынын айтыпты. Сонымен қатар ол Доналд Трампқа Ресей-Украина қақтығысын реттеуге күш салып жатқаны үшін алғыс білдірген екен.
Сарым не деп еді?
Осыған дейін депутат Сарым Каспий құбырына (КТК) кезекті рет шабуыл жасаған Киевке қатысты пікір білдіріп, Кремль мен Батысты белсенді әрекет етуге шақырған-тын.
Мәжілісмен Chevron секілді әмірикалық алпауыттардың КТК құрамында екенін еске салып, Қазақстанның стратегиялық әріптесі саналатын АҚШ Украинаға ықпал ете алатынын жеткізген еді.
«Украина Уашиңтонның қолдауына тікелей тәуелді. Демек, Әмірика мен өзге де серіктестер Киевке сөзін өткізіп, нысананы дұрыс таңдауды талап еткені маңызды», – деген болатын Айдос Сарым. Депутаттың ойынша, халықаралық қауымдастық пен акционерлердің Украинаға бірлесіп ықпал етуі КТК-ның тәуекелін азайтып, Астананың энергетикалық қауіпсіздігін сақтауға септігін тигізбек.
Қара теңіздегі қақтығыс қазақ мұнайың күретамырын қысып тұрғанын біз осыған дейін де жазғанбыз. Киевтің шабуылына ашық наразылық білдірген Қазақстан Сыртқы істері Украинадан мұндай әрекетті дереу доғаруды талап еткен. Украин тарапы Астананы «мәскеушіл» ұстанымы үшін сынап, шабуылдың жанама салдарына дайын болуы керектігін ескерткен еді.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!

