Израиль Иранға алдын ала соққы жасады. Бұл туралы Израиль қорғаныс министрі Исраэль Кац мәлімдеді, деп жазады Ertenmedia.kz.
Министрдің айтуынша, әскери шабуыл «Израиль мемлекетіне төнген қауіп-қатерді жою үшін» жасалған. Ел аумағында төтенше жағдай режимі жарияланды.
Қазір Израильдің барлық өңірлерінде әуе дабылы іске қосылды. Израиль қорғаныс күштері тұрғындарды бомба қоймаларына жақын болуға шақырып, аса қажеттіліксіз жолға шықпау керектігін ескертті. Әскерилер мұның зымыран соққыларына дайындық шарасы екенін, әзірге міндетті түрде жасырынып отыру талабы жоқ екенін жеткізді.
Әскери операция басталған соң Израиль азаматтық авиация үшін әуе кеңістігін жапты. Көлік министрлігі азаматтардан әуежайларға келмеуді өтінді. Шетелде жүрген жолаушыларға ақпаратты авиакомпаниялар мен бұқаралық ақпарат құралдары арқылы бақылап отыру ұсынылды.
Израиль билігі шетелдегі азаматтарын Ұлттық қауіпсіздік кеңесінің нұсқауларын орындауға шақырып, жағдай тұрақталған соң әуе қатынасы қайта ашылатынын хабарлады. Рейстер қалпына келтірілетіні туралы кем дегенде 24 сағат бұрын хабар беріледі.
Айта кетейік, бұған дейін 27 ақпан күні Қазақстанның Сыртқы істер министрлігі азаматтарды Иранға сапардан уақытша бас тартуға және аталған ел аумағынан кетуге шақырған болатын.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







