Президент Трамп Иранға қарсы әскери соққыны соңғы сәтке дейін құпия ұстап келген. Алайда оның шешіміне Израиль премьері Биниямин Нетаняхудың ықпалы зор болды деп хабарлайды Ertenmedia.kz New York Times-тың деректеріне сүйеніп.
11 ақпан күні таңертең Трамп пен Нетаньяху Ақ үйдің Сопақ кабинетінде Иран мәселесін үш сағат бойы талқылаған. Президент уәзірлері сол тұста Тегеранмен дипломатиялық келіссөз жүргізуді бастағанымен, Израиль басшысы соғыс жоспарының өзгермеуін талап еткен.
Трамп көпшілік алдында қарама-қайшы мәлімдеме жасағанымен, шын мәнінде соғысқа дайындық қызу жүріп жатқан.
Тіпті Ақ үй әкімшілігі мен Пентағон Конгресс мүшелерінен де операцияның шынайы мақсатын жасырып, аятолланы ауыстыру туралы жоспарды жария етпеген.
Ақпан айының соңында Трамп Иранның рухани көшбасшысы Әли Хаменейге бағытталған шабуыл операциясын бекітіп, оған «Epic Fury» деген атау береді. «Операция Epic Fury мақұлданды. Кейінге қалдыруға жол жоқ», – деп бұйрық берген Трамп.
Сол сәттен бастап…
АҚШ пен Израиль Таяу Шығыста соңғы 20 жылдағы ең ірі әскери операцияны іске қосып, Иранның маңызды әскери нысандары мен ядролық орталықтарын қиратты. Әуе шабуылынан Иран басшысы Әли Хаменей қаза тауып, елдегі ахуал бақылаудан шықты. Соғыс салдарынан жүздеген ирандық бейбіт тұрғын мен алты америкалық сарбаз қаза тапты.
Алғашында шектеулі әскери соққы жасау қарастырылғанымен, вице-президент Жей Ди Венс бастаған кеңесшілер «соққыны жойқын әрі жылдам жасау керек» деген пікірді алға тартқан. Ақырында Трамп та, Пентагон басшылығы да Иран билігін толық құлату операциясына тоқтаған.
ЦРУ жүргізген құпия зерттеу Хаменей қаза тапса, елді прагматик әскерилер басқаруы мүмкін деген қорытындыға келген. Осы болжам да Трамп әкімшілігінің ауқымды шабуыл жасау шешімін күшейткен.
Израиль тарапы да әскери дайындыққа уақыт сұрап, Дөкеңнен операцияны қаңтардың соңына дейін шегеруді өтінген. Осы аралықта Трамп әкімшілігі мен Тегеран арасында жасалған келіссөз нәтиже бермеді. Трамптың бас кеңесшісі Жаред Күшнер мен АҚШ-тың бас мәмілегері Стив Уиткофф Тегеранның ядролық бағдарламадан бас тартпайтынын түсінген соң, келіссөз үміті үзілген.
«Келіссөздің сәтсіз аяқталары әуелден анық еді. Әскери шабуылға дайындық осыны айқын көрсетті», – дейді АҚШ мемхатшысының экс-көмекшісі Барбара Лиф.
Хаменейдің соңғы сөзі…
Шабуылдың нақты күні ЦРУ-дың барлау операциясы арқасында анықталған. Олар Әли Хаменеидің сенбі күні таңертең Тегерандағы резиденциясында болатынын біліп, Иран билігін «басты нысанаға» алған.
Шабуыл ел күтпеген уақытта сенбі күні таңертең, жұмыс аптасы басталған кезде, балалар мектепте, ересектер жұмыста болған сәтте іске асырылған. Хаменейдің жақын ортасына «соғыс бола қалған жағдайда да жасырынбай, өз орнымда шейіт боламын» дегені белгілі болды.
Зымырандар Жоғарғы ұлттық қауіпсіздік кеңесінің отырысы бастала сала соққы жасаған. Сол сәттен бастап Ирандағы жағдай толықтай өзгеріп, ел тарихындағы жаңа кезең басталып кетті.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







