2026 жылғы 15 наурыз күні Аягөз қаласындағы №204 референдум учаскесінде «Айтаңсық» әжелер ансамблінің мүшелері дауыс беріп, белсенді азаматтық ұстанымдарын танытты, деп жазады Ertenmedia.kz.
«Қозы Көрпеш – Баян Сұлу» мәдениет үйінде орналасқан референдум учаскесіне ансамбль мүшелері ерекше көңіл-күймен, ұлттық киіммен келді. Қаланың мәдени өміріне белсене араласып, ұлттық дәстүр мен рухани құндылықтарды насихаттап жүрген өнерлі әжелердің бұл қадамы жастарға үлгі-өнеге болды.
Ансамбль мүшелері ел өміріндегі маңызды шараларға қатысу әрбір азаматтың парызы екенін атап өтті. Олардың пікірінше, мемлекет тағдырына қатысты шешімдерге белсене атсалысу – азаматтық жауапкершіліктің басты көрінісі.
«Айтаңсық» әжелер ансамблінің мүшесі Айтыман Алабаева:
– Бүгін біздің ансамбль мүшелері дауыс беруге арнайы келіп, өз таңдауымызды жасадық. Елдің болашағы мен тағдыры бәрімізге ортақ. Сондықтан осындай маңызды сәтте әрбір азамат өз таңдауын жасағаны дұрыс. Біз ұлттық салт-дәстүрімізді үнемі дәріптеп, жас ұрпаққа үлгі болуға тырысамыз. Бүгінгі шараға қатысуымыз да – сол жауапкершіліктің бір белгісі. Еліміздің бірлігі бекем, болашағы жарқын болсын! – деп атап өтті.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







