Шымкенттің Тұрлан шағынауданындағы «Қылует» этнографиялық музейінің басты экспозициясы жер астында орналасқан. Музейді ашқан суретші, этнограф әрі қыш шебері Кендебай Қарабдалов төрт бөлмеден тұратын қылуетті тоғыз ай бойы қолмен қазған, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Шебердің жеке шеберханасы мен рухани орталығы
Қарабдалов музейді 2004 жылы ашты. Қабырғаға өзі майлы бояумен салған картиналарын іліп, сөреге қолдан жасаған құмыралары мен музыкалық аспаптарын қойған. Экскурсияны да көбіне өзі жүргізеді. Қазақтың тұрмысы мен қолөнері туралы әңгімелеп отырып, бір сәтте аспапты қолына алады. Сол кезде келуші сөреде тұрған бұйымның дыбысын да естиді.
Жерасты мешіті мен қылует тарихы
Музей ашылғаннан кейін шебер түсінде жерасты мешітін көргенін айтады. Оңтүстікте құлшылық етіп, оңаша ойға шоматын жерасты бөлмесін қылует деп атаған. Аңыз бойынша, Қожа Ахмет Ясауи өмірінің соңғы жылдарын осындай орында өткізген. Түсінен кейін Қарабдалов күрек алып, музей астынан алты-жеті метр тереңдікте төрт бөлме қазып шыққан.
Төмен түскенде көшенің дауысы басылып, қабырғаны майшамның жарығы көмескі көрсетеді. Мұндағы ауа температурасы жыл бойы шамамен 18 градус болады. Түпкі бөлмеде ұялы байланыс ұстамайды.
Қарабдаловтың айтуынша, өзі де кейде осы бөлмеге келіп, ойын жинақтап қайтады.
Ұрпақтар сабақтастығы мен көне жәдігерлер
Музейдегі кей бұйымның тарихы шебердің өз отбасымен байланысты. Ағаш ұстасы болған атасы пайдаланған келі мен әжесінің қол диірменін келушілер қолмен ұстап көре алады. Қыш ыдыстар бұрынғы тұрмысты таныстырса, аспаптар топтамасында қобыз, даңғыра, асатаяқ, домбыра және татар сырнайы бар. Қарабдалов аспаптардың бір бөлігін өзі жасап, экскурсия кезінде олардың үнін көрсетеді.
Шебер домбыраның қос ішегін отбасындағы жарасыммен байланыстырады. Оның пайымынша, екі ішек бір-бірін толықтырғанда әуен туады. Қарабдаловтың жерді бәріне ортақ кітапханаға теңеуінің мәні де осында. Бір уыс саздан жасалған құмыра, әжесінің қол диірмені немесе қос ішектің үні арқылы келуші бұрынғы тұрмысты танып, сол бұйымды жасаған адамның еңбегін сезіне алады.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







