Энергетика министрлігінің Мемлекеттік энергетикалық қадағалау және бақылау комитетінде өңірлік электр желілік компаниялары мен «KEGOC» АҚ магистральдық электр желілері филиалдары басшыларының қатысуымен тыңдау өтті, деп жазады Ertenmedia.kz.
Жиын барысында биылғы жылыту маусымының нәтижелері, энергетикалық кәсіпорындардың су тасқыны кезеңіне дайындығы және алдағы жөндеу жұмыстарының жоспары талқыланды. Сондай-ақ келесі жылыту маусымына дайындық мәселелеріне ерекше назар аударылды.
Энергетикалық ұйымдардың басшылары электр желілік кешендердің қазіргі жай-күйі туралы баяндап, су тасқынына байланысты қауіпсіздік шаралары мен жоспарланған жөндеу жұмыстары жөнінде есеп берді.
Жиында күрделі жөндеу жұмыстарының барысы, инвестициялық бағдарламалардың орындалуы және «Энергетикалық және коммуналдық секторларды жаңғырту» ұлттық жобасы аясындағы шаралар да басты тақырып болды.
Осы жылы еліміздің электр желілік кешендерінде 17,1 мың шақырым электр желісіне, 444 жоғары кернеулі қосалқы станцияға және 3408 тарату трансформаторлық станцияға күрделі жөндеу жүргізу көзделген.
Бұл шаралар электр энергиясын тұтынушыларға тұрақты түрде жеткізуді қамтамасыз етіп, технологиялық тәуекелдерді азайтуға және күзгі-қысқы кезеңнен қауіпсіз өтуге бағытталып отыр.
2025 жылдың қорытындысы бойынша, электр желілерінің тозу деңгейінде оң динамика байқалды. Атап айтқанда, 2024 жылы бұл көрсеткіш 67,03 пайыз болса, 2025 жылы 66,17 пайызға дейін төмендеген. Осындай нәтиже электр желілерін жаңғырту бойынша атқарылған жүйелі жұмыстардың нәтижесі екенін көрсетеді.
Энергетикалық кәсіпорындарға алдағы су тасқыны кезеңіне дайындықты күшейту тапсырылды. Бұл бойынша авариялық материалдар қорын қайта тексеріп, жөндеу жұмыстарын уақытылы әрі сапалы орындау міндеттелді. Сонымен қатар электр желілік инфрақұрылымды жаңғырту шараларын толық көлемде іске асыру керектігі ескертілді.
Сәтбаев университетінің ғалымдары қоршаған ортадағы механикалық тербелістерді электр энергиясына айналдыратын шағын әрі тиімді құрылғы әзірлеуде.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







