Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына Жолдауында инфрақұрылымды жаңғырту, отандық өндірісті қолдау және өңірлердің экономикалық әлеуетін арттыру бағыттарына басымдық берілді. Осы міндеттерді жүзеге асыруға бағытталған «Халықтық құрылыс» бастамасы әлеуметтік нысандар салумен шектелмей, құрылыс индустриясын дамытуға, жаңа өндіріс орындарын ашуға және жеке инвестиция тартуға мүмкіндік береді, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Экономист Ержан Домалатовтың пікірінше, бастама аясында көзделген ауқымды инвестициялар ұлттық экономиканың құрылымдық трансформациясына серпін бере алады. Ол отандық құрылыс материалдары мен инженерлік жабдықтар өндірісін кеңейту, импортқа тәуелділікті азайту, мемлекеттік-жекешелік әріптестікті дамыту және заманауи технологияларды енгізу мәселелеріне тоқталды.
Сарапшы «Халықтық құрылыс» бастамасының тиімділігін бағалауда салынған нысандар санымен шектелмей, жаңа жұмыс орындарының құрылуы, отандық өнім үлесінің артуы, жеке капиталдың тартылуы, еңбек өнімділігі мен өңірлердің кірісінің өсуі сияқты көрсеткіштерге назар аудару қажет екенін атап өтті.
Отандық индустрия мен мультипликативтік әсер
— «Халықтық құрылыс» бастамасы аясындағы ауқымды жобалар отандық құрылыс индустриясына жаңа сұраныс қалыптастырады. Бұл металл конструкциялары, құрылыс материалдары мен инженерлік жабдықтар өндірісін дамытуға қандай мүмкіндік береді?
— Экономикалық тұрғыдан алғанда, «Халықтық құрылыс» бастамасының маңыздылығы оның инфрақұрылымдық міндеттерді шешумен қатар, ұлттық экономиканың құрылымдық трансформациясына ықпал ету мүмкіндігімен ерекшеленеді. Мемлекет басшысының Жолдауы аясында 2029 жылдың соңына дейін әлеуметтік және инженерлік инфрақұрылымды дамытуға Ұлттық қордан шамамен 6,5 трлн теңге бағыттау көзделген. Үкіметтің мәліметіне сәйкес, қазіргі уақытта жалпы құны 1,5 трлн теңгені құрайтын 262 жоба мақұлданған.
Бұл – отандық өнеркәсіп үшін өте ауқымды нарық. Ұлттық статистика бюросының деректеріне сүйенсек, 2026 жылдың қаңтар-қазан айларында Қазақстанда құрылыс жұмыстарының көлемі 8,96 трлн теңгені құрап, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 13,1 пайызға өсті. Құрылыс жұмыстарының 25,4 пайызы автомобиль және темір жолдар мен метро құрылысына, 21,5 пайызы тұрғын емес ғимараттарға тиесілі.
Ауқымды инфрақұрылымдық инвестициялар экономикада мультипликативтік әсер қалыптастырады. Яғни, құрылыс саласына бағытталған қаражат металлургия, машина жасау, химия өнеркәсібі, энергетика, көлік және логистика сияқты сабақтас салаларда қосымша сұраныс туғызады.
Мәселен, жолдар мен көпірлер құрылысы металл конструкцияларына, цемент пен темірбетон бұйымдарына сұранысты арттырса, энергетикалық және коммуналдық инфрақұрылымды жаңғырту трансформаторлар, кабель өнімдері, сорғылар, құбырлар, автоматтандырылған басқару жүйелері мен бақылау-өлшеу аспаптары өндірісін дамытуға мүмкіндік береді.
Осы орайда Шығыс Қазақстан облысының әлеуетіне ерекше тоқталғым келеді. Биылғы жылдың он айында өңірдегі құрылыс жұмыстарының көлемі 15,5 пайызға өсті, бұл республикалық көрсеткіштен 2,4 пайыздық тармаққа жоғары. Өңірдің металлургия мен машина жасау салаларындағы қалыптасқан өндірістік және ғылыми-технологиялық әлеуеті құрылыс индустриясына қажетті өнімдерді шығаруға мүмкіндік береді.
Біздің алдымызда тұрған стратегиялық міндет – шикізат өндіруден дайын, жоғары қосылған құны бар өнімдер шығаруға көшу. Мысалы, мыс пен мырышты шикізат немесе бастапқы металл түрінде экспорттаумен шектелмей, олардан электротехникалық жабдықтар, кабельдер, коррозияға төзімді металл бұйымдары мен инженерлік жүйелердің компоненттерін өндіру маңызды.
«Экономикалық тұрғыдан алғанда, «Халықтық құрылыс» бастамасының басты құндылығы – мемлекеттік сұранысты ұзақ мерзімді индустриялық өсімнің көзіне айналдыру мүмкіндігі», – деп атап өтті экономист Ержан Домалатов.
Импортты алмастыру және отандық өнім үлесі
— Президент инфрақұрылымдық жобаларда отандық өнім үлесін арттыруға және Ұлттық қор қаражатының шетелдік импортқа жұмсалмауына назар аударды. Бұл талап жергілікті өндірушілердің бәсекеге қабілеттілігін арттыруға және жаңа өндіріс орындарын ашуға қалай ықпал етеді?
— Экономикалық теория тұрғысынан бұл мәселені инвестициялардың мультипликативтік әсері және импорттық тәуелділікті төмендету тұрғысынан қарастырған жөн. Мемлекеттік инвестициялардың тиімділігі олардың көлемімен ғана емес, сол қаражаттың қаншалықты ұлттық экономика ішінде қосымша құн қалыптастыратындығымен анықталады.
Үкіметтің 2026 жылғы 17 қарашадағы мәліметіне сәйкес, отандық кәсіпорындар негізгі құрылыс материалдарына деген ішкі сұраныстың орта есеппен 73 пайызын қамтамасыз етеді. Демек, сұраныстың шамамен 27 пайызы импорт есебінен өтеледі. Әсіресе жылу оқшаулағыш және керамикалық плиталар, композиттік және қаптау материалдары бойынша импорттық тәуелділік сақталып отыр.
Қарапайым экономикалық есеп жүргізіп көрейік. Егер құрылыс материалдарын сатып алуға бағытталған әрбір 1 трлн теңгенің 73 пайызы отандық өнімге жұмсалса, қазақстандық кәсіпорындар 730 млрд теңгенің тапсырысын алады. Ал отандық өнім үлесін 85 пайызға дейін жеткізген жағдайда бұл көрсеткіш 850 млрд теңгені құрайды. Яғни, әрбір 1 трлн теңгелік сатып алу көлемінде отандық кәсіпорындар үшін қосымша 120 млрд теңгенің нарығын қалыптастыруға болады. Бұл – нақты болжам емес, импортты алмастырудың экономикалық әлеуетін көрсететін шартты есеп.
Отандық өндірісті ынталандырудың тиімді құралдарының бірі – офтейк-келісімшарттар, яғни болашақта өндірілетін өнімді сатып алу жөніндегі алдын ала жасалатын ұзақ мерзімді шарттар. 2026 жылғы 23 қарашада Үкімет сағатында жарияланған мәліметке сәйкес, «Самұрық-Қазына» қорының жаңа өндірістерді ашу бағдарламасы аясында жалпы сомасы 657 млрд теңгені құрайтын 1400-ден астам офтейк-келісімшарт жасалған. Бұл тетікті құрылыс индустриясында да кеңінен қолдануға болады.
Менің ойымша, импортты алмастыру саясаты үш экономикалық қағидатқа негізделуі тиіс:
Біріншіден, кәсіпорындарға ұзақ мерзімді әрі болжамды өткізу нарығын қалыптастыру.
Екіншіден, жеңілдетілген қаржыландыру, технологиялар трансферті және өндірісті жаңғырту арқылы өнімнің өзіндік құнын төмендету.
Үшіншіден, халықаралық сапа стандарттарын енгізу және экспорттық әлеуетті арттыру.
Сонымен қатар, импортты алмастыруды импорттан толық бас тарту деп түсінбеуіміз керек. Қазақстанда өндірілмейтін жоғары технологиялық жабдықтарды сатып алу, шетелдік технологияларды игеру және оларды біртіндеп жергіліктендіру экономикалық тұрғыдан орынды болуы мүмкін.
Отандық кәсіпорындарды қолдау олардың бәсекеге қабілеттілігін төмендетпеуі, керісінше, технологиялық дамуын ынталандыруы қажет.
Ұлттық қордың қаражаты тек инфрақұрылым салуға емес, болашақта өздігінен табыс қалыптастыра алатын өндірістік капитал құруға қызмет етуі тиіс.
Мемлекеттік-жекешелік әріптестіктің инвестициялық тетіктері
— Ірі инфрақұрылымдық жобаларға жеке инвестиция тарту мемлекеттік бюджетке түсетін салмақты азайтуға мүмкіндік береді. Мемлекет пен бизнес арасындағы әріптестіктің қандай тетіктері «Халықтық құрылыс» бастамасының аясын кеңейте алады?
— Бүгінгі таңда әлемдік тәжірибеде инфрақұрылымдық дамудың маңызды қаржылық құралдарының бірі — мемлекеттік-жекешелік әріптестік. Оның экономикалық мәні — мемлекеттік және жеке сектордың қаржылық, технологиялық, басқарушылық ресурстарын біріктіру және жобалық тәуекелдерді тиімді бөлу.
Қазақстанда жеке сектордың инвестициялық әлеуеті айтарлықтай жоғары. Ұлттық статистика бюросының мәліметіне сәйкес, 2026 жылдың қаңтар-қазан айларында негізгі капиталға салынған инвестициялар көлемі 18,3 трлн теңгені құрап, 4,9 пайызға өсті. Жалпы инвестициялар көлеміндегі бюджет қаражатының үлесі 14,3 пайызды құрады. Сонымен қатар, елдегі құрылыс жұмыстарының 89,5 пайызын отандық жеке құрылыс ұйымдары орындаған.
Бұл көрсеткіштер жеке сектордың экономикалық белсенділігін көрсетеді. Алайда жеке құрылыс компанияларының мердігер ретінде жұмыс істеуі мен олардың инфрақұрылымдық жобаларға тікелей инвестор ретінде қатысуы – екі түрлі мәселе. Біздің міндетіміз – бизнесті мердігерден ұзақ мерзімді инвестициялық әріптеске айналдыру.
Осыған байланысты бірнеше қаржылық және институционалдық тетікті ұсынар едім.
Біріншісі – аралас қаржыландыру моделі (Blended Finance). Мұнда мемлекеттік қаражат жеке инвестицияларды тартудың катализаторы ретінде пайдаланылады. Мысалы, шартты түрде 100 млрд теңгелік инфрақұрылымдық жобаның 30 млрд теңгесін мемлекет, ал 70 млрд теңгесін жеке инвесторлар қаржыландырса, мемлекеттік инвестицияның әрбір теңгесіне 2,33 теңге жеке капитал тартылады.
Екіншісі – өмірлік цикл келісімшарттары. Халықаралық тәжірибеде қолданылатын DBFO және DBFOM модельдері жеке әріптестің нысанды жобалау, салу, қаржыландыру, пайдалану және техникалық қызмет көрсету үдерістеріне кешенді қатысуын көздейді. Бұл құрылыс сапасын арттыруға және нысанды пайдалану кезеңіндегі шығындарды оңтайландыруға мүмкіндік береді.
Үшіншісі – жобалық қаржыландыру және инфрақұрылымдық облигациялар шығару. Экономикалық тұрғыдан негізделген, тұрақты ақша ағынын қалыптастыра алатын жобаларға банктердің, инвестициялық қорлардың және басқа да институционалдық инвесторлардың ұзақ мерзімді қаражатын тартуға болады.
Төртіншісі – инновациялық мемлекеттік-жекешелік әріптестікті дамыту. Өзімнің ғылыми зерттеулерімде мемлекет, бизнес және ғылымның ресурстарын біріктіруге негізделген Public-Private-Innovation Partnership (3PI) моделін қарастырамын. Бұл модель аясында мемлекет инфрақұрылымдық және институционалдық жағдай жасаса, бизнес инвестиция мен өндірістік ресурстарды, ал университеттер мен ғылыми ұйымдар технологиялар мен ғылыми әзірлемелерді ұсынады.
Мұндай әріптестік энергия тиімді құрылыс материалдарын өндіру, инженерлік жүйелерді цифрландыру, жасанды интеллект негізінде инфрақұрылымды басқару және жаңа технологияларды коммерцияландыру бағыттарында ерекше өзекті.
Сонымен қатар, мемлекеттік-жекешелік әріптестікті бюджеттік міндеттемелерді кейінге қалдыру құралына айналдырмау қажет. Әрбір жобаның қаржылық тұрақтылығы, тәуекелдердің бөлінуі, мемлекеттің ұзақ мерзімді міндеттемелері және дәстүрлі бюджеттік қаржыландырумен салыстырғандағы тиімділігі (Value for Money) алдын ала бағалануы тиіс.
Мемлекеттің негізгі міндеті – жеке инвестицияларды алмастыру емес, оларды ынталандыру және экономикалық белсенділіктің жаңа көздерін қалыптастыру.
Индустрияны жаңғыртудың бес стратегиялық бағыты
— Құрылыс саласындағы сұраныстың артуы жаңа технологияларды енгізуге, өндірісті жаңғыртуға және еңбек өнімділігін көтеруге түрткі болуы мүмкін. Қазақстанның құрылыс индустриясы осы мүмкіндіктерді пайдалану үшін қандай бағыттарға басымдық беруі керек?
— Қазіргі экономикалық жағдайда өндірістің экстенсивті өсімінен интенсивті өсіміне көшу ерекше маңызды. Яғни, өндіріс көлемін жұмысшылар санын, шикізат пен қаржы ресурстарын көбейту арқылы ғана емес, технологиялық жаңғырту және еңбек өнімділігін арттыру есебінен ұлғайту қажет.
2026 жылдың он айында Қазақстанда құрылыс жұмыстарының көлемі 13,1 пайызға өссе, құрылыс материалдары өндірісінің өсімі 5,4 пайызды құрады. Екі көрсеткіштің өсу қарқыны арасындағы айырмашылық 7,7 пайыздық тармақты құрап отыр. Бұл көрсеткіштер әртүрлі экономикалық үдерістерді сипаттағанымен, ішкі өндірістің құрылыс нарығындағы сұранысқа бейімделу мүмкіндігін кешенді бағалау қажеттігін көрсетеді.
Егер ішкі өндіріс қуаты сұраныстың өсуіне сәйкес кеңейтілмесе, қосымша мемлекеттік инвестициялар импорт көлемінің ұлғаюына және құрылыс материалдары бағасының өсуіне алып келуі мүмкін.
Сондықтан Қазақстанның құрылыс индустриясында бес стратегиялық бағытқа басымдық беру қажет деп есептеймін.
Бірінші бағыт – Construction 4.0 тұжырымдамасына көшу. Бұл құрылыс саласына BIM-технологияларды, жасанды интеллектіні, цифрлық егіздерді, заттар интернетін (IoT), автоматтандырылған жобалау және мониторинг жүйелерін енгізуді көздейді. Цифрлық модельдеу құрылыс басталғанға дейін жобалық қателерді анықтауға, материалдарға қажеттілікті нақты есептеуге және нысанның бүкіл өмірлік цикліне жұмсалатын шығындарды бағалауға мүмкіндік береді.
Екінші бағыт – индустриялық және модульдік құрылыс технологияларын дамыту. Құрылыс конструкцияларын зауыттық жағдайда өндіру, өндірістік үдерістерді роботтандыру және стандартталған инженерлік шешімдерді қолдану еңбек өнімділігін арттыруға негіз болады.
Үшінші бағыт – жоғары қосылған құны бар өнімдерді өндіру. Қазақстан тек цемент, металл және басқа да базалық материалдар өндірісімен шектелмеуі тиіс. Ақылды есептеу аспаптары, автоматтандырылған инженерлік жабдықтар, энергия үнемдейтін материалдар, композиттік конструкциялар және интеллектуалды басқару жүйелерін өндіруге басымдық беру маңызды.
Төртінші бағыт – жасыл экономика қағидаттарын енгізу. Инфрақұрылымдық нысанның экономикалық тиімділігін оның бастапқы құрылыс құнымен ғана емес, 20-30 жыл бойындағы пайдалану шығындарымен де бағалау қажет. Мысалы, шартты түрде жыл сайын 100 млн теңге коммуналдық шығын жұмсайтын нысанның энергия тұтынуын 20 пайызға төмендету жылына 20 млн теңге, ал 25 жылда дисконттауды есептемегенде 500 млн теңге үнемдеуге мүмкіндік береді.
Бесінші бағыт – ғылым, білім және өндіріс интеграциясы. Технологиялық жаңғыру білікті инженерлерді, энергетиктерді, IT-мамандарды, технологтерді және құрылыс саласының жаңа буын мамандарын даярлаумен қатар жүруі қажет. Өнеркәсіп кәсіпорындары мен университеттер базасында бірлескен ғылыми-зерттеу зертханаларын, инжинирингтік орталықтарды және тәжірибелік өндірістерді дамыту маңызды.
Жалпы, еңбек өнімділігінің артуы кәсіпорындарға өнімнің өзіндік құнын төмендетуге, қызметкерлердің еңбекақысын арттыруға және халықаралық нарықта бәсекеге қабілетті болуға мүмкіндік береді.
«Халықтық құрылыс» бастамасы құрылыс көлемін ұлғайтумен ғана шектелмей, Қазақстанның құрылыс индустриясын жаңа технологиялық даму деңгейіне шығаруға негіз болуы тиіс.
Экономикалық тиімділікті бағалау критерийлері
— «Халықтық құрылыс» бастамасының нәтижесін тек салынған нысандар санымен өлшеу жеткіліксіз. Оның экономикалық тиімділігін бағалау үшін қандай көрсеткіштерге назар аудару қажет? Мәселен, жаңа жұмыс орындары, отандық өнім үлесі, инвестиция көлемі мен өңірлердің кірісінің өсуі қаншалықты маңызды?
— Экономика ғылымында мемлекеттік инвестициялардың тиімділігін бағалау кезінде тікелей, жанама және ұзақ мерзімді экономикалық әсерлер қарастырылады. Сондықтан «Халықтық құрылыс» бастамасын бағалау барысында игерілген қаражат пен пайдалануға берілген нысандар санына негізделген дәстүрлі тәсілден нақты экономикалық және әлеуметтік нәтижелерге бағдарланған кешенді бағалау жүйесіне көшу қажет.
Менің ойымша, бастаманың нәтижелілігін жеті негізгі бағыт бойынша бағалаған жөн.
Біріншіден, макроэкономикалық тиімділік, яғни инфрақұрылымдық инвестициялардың жалпы ішкі өнім мен жалпы өңірлік өнімнің өсіміне қосқан үлесі, экономиканың сабақтас салаларындағы өндіріс көлемінің артуы.
Екіншіден, индустриялық тиімділік – инфрақұрылымдық жобалардағы отандық өнім мен ел ішінде қалыптасатын қосылған құн үлесі, жаңадан ашылған кәсіпорындар саны, өндірістік қуаттардың кеңеюі және импорттық тәуелділіктің төмендеуі.
Үшіншіден, инвестициялық тиімділік – мемлекеттік инвестицияның әрбір теңгесіне шаққандағы тартылған жеке капитал көлемі. Бұл көрсеткіш мемлекеттік қаражаттың бизнестің инвестициялық белсенділігін қаншалықты ынталандыратынын анықтауға мүмкіндік береді.
Төртіншіден, әлеуметтік тиімділік – жаңадан құрылған тұрақты жұмыс орындарының саны, халықтың нақты табысының өсуі, еңбек жағдайының жақсаруы және сапалы инфрақұрылымдық қызметтерге қолжетімділіктің артуы.
Бесіншіден, фискалдық тиімділік – республикалық және жергілікті бюджеттерге түсетін қосымша салық түсімдерінің көлемі, өңірлердің меншікті кірістерінің өсуі және олардың қаржылық дербестігінің артуы.
Алтыншыдан, технологиялық тиімділік – еңбек өнімділігінің өсуі, инновациялық өнім өндірісінің көлемі, жаңа технологияларды енгізу деңгейі, өндірістік шығындар мен өнімнің өзіндік құнының төмендеуі.
Жетіншіден, инфрақұрылымдық тиімділік – салынған нысандардың қызмет ету мерзімі, оларды күтіп ұстау және пайдалану шығындары, энергия тиімділігі мен халыққа көрсетілетін қызметтердің сапасы.
Мәселен, Ұлттық статистика бюросының деректері бойынша, 2026 жылдың екінші тоқсанында Қазақстанда жұмыспен қамтылған халықтың саны 9,4 млн адамды құрады, олардың 6,8 пайызы, яғни шамамен 639 мың адам құрылыс саласында еңбек етеді. Сондықтан құрылыс индустриясына бағытталатын ауқымды инвестициялар еңбек нарығына да елеулі ықпал етуі мүмкін.
Алайда жұмыс орындарының жалпы санымен қатар, олардың сапасына, тұрақтылығына және еңбекақы деңгейіне назар аудару маңызды. Құрылыс аяқталғаннан кейін уақытша жұмыс орындарының қысқаруы заңды құбылыс. Ал құрылыс материалдарын, металл конструкциялары мен инженерлік жабдықтарды өндіретін жаңа кәсіпорындардың ашылуы ұзақ мерзімді жұмыспен қамтуды қамтамасыз етіп, халықтың тұрақты табыс көздерін қалыптастырады.
Өңірлік экономика тұрғысынан инвестициялардың фискалдық әсері де ерекше маңызды. Жаңа өндіріс орындарының ашылуы, шағын және орта бизнестің дамуы, кәсіпкерлік белсенділіктің артуы және халық табысының өсуі жергілікті бюджеттердің салықтық базасын кеңейтеді. Бұл ұзақ мерзімді перспективада өңірлердің қаржылық дербестігін арттыруға және республикалық бюджеттен бөлінетін трансферттерге тәуелділігін төмендетуге ықпал етуі мүмкін.
Сонымен қатар, экономист ретінде инвестициялардың мультипликативтік әсерін салааралық баланс әдісі негізінде бағалауды ұсынар едім. Мысалы, шартты есеп бойынша, отандық өндірушілердің өніміне қалыптасқан 1 трлн теңгелік түпкілікті сұраныстың өндірістік мультипликаторы 1,5 болған жағдайда экономиканың тікелей және жанама жалпы шығарылымы 1,5 трлн теңгеге жетуі мүмкін. Дегенмен нақты мультипликаторды Қазақстан экономикасының салааралық байланыстары, импорттық тәуелділігі және өндірістік қуаттары негізінде есептеу қажет. Бұл көрсеткішті жалпы ішкі өнімнің өсімімен тікелей теңестіруге болмайды.
Макроэкономикалық тәуекелдерді де назардан тыс қалдырмаған жөн. Ұлттық қордан ауқымды қаражат бөлу жиынтық сұранысты арттырады. Егер тауарлар мен қызметтердің ішкі ұсынысы тиісті қарқынмен өспесе, бұл инфляциялық қысымның күшеюіне, импорт көлемінің ұлғаюына және құрылыс құнының қымбаттауына алып келуі ықтимал. Сондықтан инфрақұрылымдық инвестициялар отандық өндірістік қуаттарды кеңейту, еңбек өнімділігін арттыру және технологиялық жаңғырту шараларымен қатар жүзеге асырылуы тиіс.
«Ұлттық қордың экономикалық мәні – табиғи ресурстардан алынған табысты қазіргі және болашақ ұрпақтың игілігіне пайдалану. Осы тұрғыдан алғанда, мұнайдан алынған қаржылық капиталды ұзақ мерзімді экономикалық өсімді қамтамасыз ететін өндірістік, инфрақұрылымдық, технологиялық және адами капиталға айналдыру маңызды», – деді Ержан Домалатов.
«Халықтық құрылыс» бастамасының шынайы экономикалық нәтижесі 6,5 трлн теңгенің қаншалықты игерілгенімен емес, сол қаражаттың есебінен қанша жаңа өндіріс ашылғанымен, қанша тұрақты жұмыс орны құрылғанымен, қанша жеке инвестиция тартылғанымен, өңірлердің экономикалық әлеуеті, еңбек өнімділігі мен халықтың әл-ауқаты қаншалықты артқанымен өлшенуі тиіс.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







