Шымкенттің Қаратау ауданының әкімі Алмас Абаев футбол алаңында адамға қол көтерген оқиғадан кейін тәртіптік жауапкершілікке тартылды, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Бұған дейін Мемлекеттік қызмет істері агенттігі жанындағы әдеп жөніндегі комиссия Абаевқа қатысты жаза жайын егжей-тегжейлі түсіндірген еді. Комиссия қорытындысында оның әрекетінен қызметтік әдеп нормаларын бұзу белгілері анықталғаны айтылған.
Сол кезде комиссия Шымкент қаласының әкіміне Алмас Абаевқа «қызметіне толық сәйкес еместігі туралы ескерту» түріндегі тәртіптік жаза қолдануды ұсынған.
Журналистер кейін Шымкент әкімдігінен агенттік ұсынымы қалай орындалғанын нақтылаған. Қала әкімінің аппараты шешім қабылданғанын растады. Ресми мәліметке сай, Алмас Абаев дәл сол тәртіптік жауапкершілікке тартылған. Оқиғаға байланысты қосымша тексеріс жүргізілмеген.
Шымкент қалалық Мемлекеттік қызмет істері агенттігі департаментінің басшысы, Әдеп жөніндегі кеңес төрағасы Қанат Қадырбековтің айтуынша, қаладағы мемлекеттік органдарға мемлекеттік қызметшілердің әдеп кодексін сақтау және мұндай заңбұзушылыққа жол бермеу үшін алдын алу шарасын күшейту жөнінде хат жолданған.
Еске салсақ, наурыз айында желіде футбол алаңында өзге ер адамға бірнеше мәрте соққы жасап жатқан кісінің видеосы тараған. Желі қолданушылары кадрдағы адамды Қаратау ауданының әкімі Алмас Абаевқа ұқсатқан.
Осы видео жарияланғаннан кейін Шымкент әкімдігінде Абаевқа қатысты қызметтік тексеріс басталған. Кейін тәртіптік іс қозғалып, қызметтік тергеу тағайындалған. Соңғы шешім бойынша әкім ескерту түріндегі жазамен шектелді.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







