Франция жағалауында теңіз түбінде жатқан XVI ғасырдағы сауда кемесін зерттеу үшін арнайы робот-дайвер пайдаланылып жатыр, деп жазады Ertenmedia.kz.
Ғалымдар Жерорта теңізінің шамамен 2,4 шақырым тереңдігінде жатқан көне кемені «уақыт капсуласы» деп бағалап отыр. Себебі мұндай тереңдікте кеме тонаушылардан, күн сәулесінен және қатты ағыстан қорғалған. Соның арқасында 500 жыл бұрынғы теңіз саудасына қатысты көптеген заттар біршама жақсы сақталған.
Кеме қазір «Камарат 4» деп аталады. Оны алғаш рет 2025 жылдың наурызында Франция Әскери-теңіз күштері жоғары дәлдіктегі гидролокатор арқылы байқаған. Теңіз түбіндегі белгісіз нысанды тексеру үшін камерамен жабдықталған автономды суасты дроны жіберіліп, ұзындығы 29 метрлік сауда кемесінің бейнесі алынған. Кемеде Солтүстік Италиядан жеткізілген жүк болғаны анықталды.
Кейін бұл ақпарат Францияның суасты археологиялық зерттеулер департаментіне берілді. Мамандар үшін табылған нысан өте құнды. Өйткені адам сүңгуірі мұндай тереңдікке жете алмайды. Мұхит түбіндегі қараңғылық, нөлге жақын температура және аса жоғары қысым адам өміріне қауіпті. Сондықтан зерттеуге ROV-C 4000 атты терең суға арналған робот тартылды.
ROV-C 4000 аппараты 2,5 мильге дейінгі тереңдікте жұмыс істей алады. Оның камералары, жарық жүйесі, электроникасы мен гидравликасы суық әрі жоғары қысымды ортаға бейімделген. Робот арнайы кабель арқылы кемемен байланысып тұрады. Сол арқылы оған үздіксіз қуат беріліп, сурет пен дерек нақты уақытта зерттеушілерге жеткізіледі.
Миссияның басты міндеттерінің бірі – нәзік жәдігерлерді зақымдамай шығару. Роботтың дәл жұмыс істейтін манипуляторлары бар. 2026 жылғы сәуірдегі зерттеу кезінде ол теңіз түбінен үш керамикалық құмыра мен бір керамикалық тәрелкені алып шықты. Кеме ішінде әлі де зеңбіректер, зәкірлер, темір шыбықтар, қазандар және жүздеген керамикалық бұйым сақталған.
Мұндай кемеде алтын-күміс көп болмауы мүмкін. Бірақ тарихшылар үшін оның құны өте жоғары. Себебі кеме Еуропадағы теңіз саудасының, әскери теңіз техникасының, керамика өндірісінің және сол дәуірдегі тұрмыстық заттардың нақты көрінісін береді.
Зерттеушілер кемені бірнеше жыл бойы зерттеуді жоспарлап отыр. Олар миссия кезінде түсірілген 86 мың сурет негізінде нысанның 3D моделін жасағысы келеді. Осы модель арқылы мамандар кеменің құрылысын, керамикалық бұйымдарын, артиллериясын және теңіз саудасына қатысты жәдігерлерін нысанның өзін бұзбай-ақ егжей-тегжейлі зерттей алады.
Ғалымдардың айтуынша, терең суасты археологиясы енді жаңа технологиялардың арқасында мүлде басқа деңгейге көтеріліп келеді. Бұрын адам бара алмайтын теңіз түбі қазір роботтардың көмегімен сөйлей бастады. 500 жыл бойы қараңғы суда жатқан «Камарат 4» кемесі де сол үнсіз тарихтың бір парағын ашып отыр.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







