Париждегі Лувр музейін аралап, әйгілі «Мона Лиза» туындысын жақыннан тамашалау Шымкент тұрғындары үшін виртуалды форматта қолжетімді болды. Мегаполисте заманауи технология мен әлемдік өнерді тоғыстырған «Цифрлы күз» халықаралық VR-фестивалі өтіп жатыр, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Көрмеге келген тұрғындар арнайы көзілдірік киіп, санаулы секунд ішінде виртуалды кеңістікке енеді. Цифрлық технология оларға Франциядағы танымал музейлерді аралап, сәулет ескерткіштерінің ішкі көрінісін көруге және өнер туындыларын егжей-тегжейлі тамашалауға мүмкіндік береді.
Фестиваль Францияның Қазақстандағы елшілігі, Француз институты және Француз альянсының бастамасымен ұйымдастырылды. Халықаралық жоба Шымкентте екінші рет өткізіліп отыр. Оның ашылу салтанатына өнерсүйер қауыммен бірге Францияның Алматы қаласындағы Бас консулы Максим Жеренже қатысты.
Бас консулдың айтуынша, көрменің негізгі мақсаты француз өнерін заманауи технология көмегімен Шымкент жұртшылығына таныстыру. Виртуалды саяхат кезінде келушілер Франция аумағындағы белгілі шіркеудің ішін аралап, оның сәулеттік ерекшелігін көре алады.
– Мұндай жоба екі ел арасындағы мәдени байланысты нығайтады. Цифрлық технология шалғайда орналасқан тарихи және көркем нысандарды қазақстандық көрерменге жақындатады, – деді Максим Жеренже.
Экспозицияға Францияның цифрлық өнер саласындағы интерактивті жобалары енгізілген. Келуші картинаны сырттай бақылап қана қоймай, оның кеңістігіне енгендей әсер алады. Виртуалды ортада адам оқиғаның бір бөлігіне айналып, дыбыс, бейне және қозғалыс арқылы туындының атмосферасын сезінеді.
Франция елшілігінің мәдениет жөніндегі атташесі Аменис Жерен мұндай форматтың көрерменге өнерді жаңаша қабылдауға мүмкіндік беретінін атап өтті. Бағдарламада классикалық шығармалармен қатар, арнайы әзірленген иммерсивті туындылар да бар.
«Цифрлы күз» фестивалі Шымкенттегі мәдени ортаға тың бағыт ұсынып отыр. Жоба дәстүрлі өнерді цифрлық құралдармен таныстырып, жастардың музейге, кескіндемеге және жаңа медиаға қызығушылығын арттыруға ықпал етеді.
Инновация мен шығармашылық үндескен көрме 2 желтоқсанға дейін жалғасады. Осы уақыт аралығында қала тұрғындары виртуалды әлем арқылы француз мәденитімен жақын таныса алады.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







