Алматы облысында Медицина қызметкерлері күні аталып өтіп, өңірдегі жедел жәрдем қызметіне 70 жаңа санитариялық автокөлік табысталды, деп жазады Ertenmedia.kz.
Іле ауданында өткен салтанатты шараға Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев қатысты. Өңір басшысы денсаулық сақтау саласына еңбек сіңірген мамандарды құттықтап, медициналық мекемелерге жаңа көліктердің кілтін тапсырды.
Алматы облысында денсаулық сақтау жүйесінің материалдық-техникалық базасын нығайту жұмысы жалғасып жатыр. «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында өткен жылы жалпы құны 8,3 миллиард теңге болатын 38 медициналық нысан пайдалануға берілді. Оның ішінде 15 дәрігерлік амбулатория, 12 фельдшерлік-акушерлік пункт және 11 медициналық пункт бар.
Медициналық ұйымдарды заманауи техникамен жабдықтауға 6 миллиард теңгеден астам қаржы бөлінді. Осы қаражатқа 347 бірлік медициналық техника сатып алынды. Нәтижесінде өңірдегі медициналық мекемелердің жабдықталу деңгейі 93 пайызға жетті.
Марат Сұлтанғазиев медицина қызметкерлерінің еңбегі нақты нәтиже беріп отырғанын атап өтті. Оның айтуынша, Алматы облысында халықтың орташа өмір сүру ұзақтығы 2022 жылғы 73 жастан 75 жасқа дейін ұлғайған. Өткен жылдың қорытындысы бойынша нәресте шетінеуі 25,5 пайызға төмендеген.

«Сіздердің тынымсыз еңбектеріңіздің нәтижесінде өңірдің денсаулық сақтау саласы нақты көрсеткіштерге қол жеткізді. Халық денсаулығын сақтау жолындағы қажырлы қызметтеріңіз үшін шынайы алғысымды білдіремін», деді облыс әкімі.
Мерекелік шарада үздік медицина қызметкерлеріне мемлекеттік және ведомстволық марапаттар табысталды. Балқаш аудандық орталық ауруханасының неонатолог дәрігері Қарылғаш Тәжібаева мен Ұйғыр аудандық орталық ауруханасының педиатр дәрігері Зорям Юсупова «Құрмет» орденімен марапатталды.
Сондай-ақ бірқатар медицина қызметкері ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің «Денсаулық сақтау ісіне қосқан үлесі үшін» және «Денсаулық сақтау ісінің үздігі» төсбелгілеріне ие болды. Министрлік пен облыс әкімінің Құрмет грамоталары да табысталды.
Жиын барысында «Үздік стационар дәрігері», «Үздік ауыл дәрігері», «Үздік денсаулық сақтау менеджері», «Үздік жедел медициналық көмек дәрігері» секілді 12 номинация бойынша жылдың үздік мамандары марапатталды.
Жедел жәрдем стансасына берілген 70 жаңа көлік лизинг шартымен сатып алынған. Оның 30-ы «С» санатындағы реанимобиль, ал 40-ы «В» санатындағы санитариялық автокөлік. Барлығы шұғыл медициналық көмек көрсетуге қажетті заманауи жабдықтармен қамтамасыз етілген.
Осылайша биыл Алматы облысының жедел медициналық жәрдем қызметіне сатып алынған 90 санитариялық автокөліктің барлығы пайдалануға берілді. Оның 20-сы жыл басында медициналық ұйымдарға тапсырылған еді.
Медицина қызметкерлері күніне арналған салтанатты шара мерекелік концертпен жалғасты.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







