Балабақша кезегі – қазақстандық ата-аналар жиі бетпе-бет келетін өзекті мәселелердің бірі. Отбасы жаңа мекенжайға көшкенде немесе таңдалған балабақша сәйкес келмеген жағдайда, баланы басқа мекемеге ауыстыру қажеттілігі туындайды. Алайда қолданыстағы ережелер бойынша бір мемлекеттік ұйымнан екіншісіне тікелей ауысу мүмкіндігі қарастырылмаған, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Оқу-ағарту министрлігінің түсіндіруінше, жүйеде мемлекеттік балабақшалар арасында балаларды тікелей көшіру рәсімі заң жүзінде бекітілмеген. Осыған байланысты ата-аналарға бұл кезеңнен қайта өтуге тура келеді.
«Қолданыстағы қағидаларға сәйкес, бір мемлекеттік садиктен екіншісіне ресми тікелей ауысу рәсімі жоқ. Сондықтан ата-аналар бұрынғы ұйымнан құжаттарды алып, баланы шығарып, әкімдіктің цифрлық жүйесі арқылы қайта кезекке тұруы қажет», – деп хабарлады Оқу-ағарту министрлігі.
Осы ретте жаңа орын жалпы негізде, кезек реті келген сәтте ғана беріледі. Дегенмен ваучерлік қаржыландыру енгізілген өңірлерде баланы басқа ұйымға ауыстырудың қосымша тетігі қарастырылған.
Ваучер және «Күту парағы» қалай жұмыс істейді?
Ваучерлік қаржыландыру тетігі жұмыс істейтін аймақтарда арнайы «Күту парағы» сервисі іске қосылған. Бұл қызмет балабақшаға ваучер арқылы қабылданып, қазіргі уақытта барып жүрген, бірақ бос орын болмағандықтан өзі қалаған басқа балабақшаға ауысқысы келетін отбасыларға арналған.
Егер ата-ана таңдаған балабақшада бос орын болмаса, қолда бар ваучер арқылы күту парағына өтініш бере алады. Аталған орында бос орын пайда болған кезде автоматтандырылған цифрлық жүйе тізімде бірінші тұрған ата-анаға бірден хабарлама жолдайды.
Бос орын шыққан сәтте жүйе кезектегі бірінші ата-анаға хабарлама жолдайды. Ұсынысты қабылдап немесе бас тарту үшін ата-анаға тура бір жұмыс күні беріледі. Егер белгіленген мерзімде жауап берілмесе, өтініш күту парағынан алынып тасталады да, кезек келесі адамға өтеді.
Күту парағына өтініш беру жолы
Күту парағына тіркелу үшін ата-ана бірнеше жүйелі қадамды орындауы тиіс:
1. Жергілікті әкімдіктің ваучерлік жүйе жұмыс істейтін цифрлық порталындағы жеке кабинетке кіру;
2. «Күту парағы» (Лист ожидания) бөлімін таңдау;
3. «Күту парағына тұру» батырмасын басу;
4. Баланы белгілеп, қалаған мектепке дейінгі ұйымды және оқыту-тәрбиелеу тілін көрсету;
5. Деректерді тексеріп, дербес мәліметтерді өңдеуге келісім беру;
6. «Өтініш беру» батырмасын басу арқылы тіркеуді аяқтау.
Балабақшаға қабылдау үшін қажетті құжаттар
Баланы мектепке дейінгі ұйымға орналастыру барысында келесі құжаттар топтамасы талап етіледі:
• Белгіленген нысан бойынша ресімделген өтініш;
• Профилактикалық егу картасы (№ 065/е нысаны);
• Бала денсаулығының паспорты (№ 052-2/е нысаны);
• Медициналық анықтама (№ 027/е нысаны);
• Ерекше білім беруді қажет ететін балалар үшін – психологиялық-медициналық-педагогикалық консультация (ПМПК) қорытындысының электронды көшірмесі.
Ал жеңілдікпен кезек алу үшін әскери қызметшілердің, арнайы және құқық қорғау органдары қызметкерлерінің, сондай-ақ педагогтер мен денсаулық сақтау саласы мамандарының жұмыс орнынан анықтамасы ұсынылуы қажет.
Қандай жағдайда қызмет көрсетуден бас тартылады?
Жүйе белгілі бір себептер бойынша өтінішті қабылдаудан бас тартуы мүмкін. Мұндай шешім бала осы немесе өзге өңірдегі балабақша кезегінде тұрған жағдайда шығарылады. Бұл шектеу шипажайлық, арнайы ұйымдар мен түзету топтарына қатысты қолданылмайды.
Сонымен қатар бала қазірдің өзінде балабақшаға барып жүрсе және осы немесе басқа өңірде мемлекеттік тапсырыспен орын алған болса, жаңа кезек ашылмайды. Бұған қоса, қызмет көрсетілетін елді мекенде ата-ананың тұрақты немесе уақытша тіркеуінің болмауы (ірі қалалар агломерациясына кіретін мекендерді қоспағанда) және дербес деректерді пайдалануға келісім бермеу де бас тартуға негіз саналады.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







