Қазақстандағы жаңа өкілді органның қалыптасуы, партиялық тізімдердің сапасы және азаматтардың заң шығару үдерісіне қатысуы сараптамалық алаңда кеңінен талқыланды. Мамандар Құрылтайдың қызметі ашықтыққа, кәсіби құзыретке және қоғаммен тұрақты байланысқа сүйенуі қажет екенін атап өтті, – деп жазады Ertenmedia.kz.
Кездесуде партиялық бәсеке, цифрлық қатысу тетіктері, өңірлік өкілдік және сайлау белсенділігінің маңызы сөз болды.
Сараптамалық алаңда партиялық тізімдердің қалыптастырылуына қатысты зерттеу нәтижелері таныстырылды. Кандидаттарды бағалау кезінде олардың медиадағы танымалдығымен шектелмей, кәсіби біліміне, тәжірибесіне және нақты мәселелерді шешу қабілетіне мән беру қажеттігі айтылды. Өңірлік өкілдік те тізім сапасын анықтайтын маңызды өлшем ретінде көрсетілді.
Сарапшының пікірінше, қоғамға танымал болу кандидаттың саяси және кәсіби дайындығын толық сипаттай алмайды. Құрылтай депутаты заңнамалық жұмыстың ерекшелігін түсініп, азаматтардың мүддесін сауатты қорғауға және мемлекеттік органдармен нәтижелі жұмыс істеуге қабілетті болуы керек. Партиялық тізімдерде әр өңірдің әлеуметтік, экономикалық және инфрақұрылымдық мәселелерін білетін азаматтардың болуы да өкілді органның тиімділігіне әсер етеді.
Саяси партияларға сайлау науқанына дайындалу үшін бес айға жуық уақыт берілгені атап өтілді. Аталған кезеңде партиялар бағдарламаларын жаңартып, кандидаттарды ішкі іріктеуден өткізіп, жаңа саяси жүйенің талаптарына сай командаларын қалыптастырды. Сарапшылар қазіргі науқан саяси бәсекенің күшейгенін және Қазақстандағы партиялық жүйенің жаңа даму кезеңіне қадам басқанын көрсетеді деп санайды.
Партиялар арасындағы бәсеке тек кандидаттар саны немесе үгіт науқанының белсенділігімен өлшенбеуге тиіс. Негізгі тартыс әлеуметтік мәселелерді шешуге арналған бағдарламалар, экономикалық ұсыныстар және заңнамалық бастамалар төңірегінде өрбуі қажет. Осындай мазмұнды бәсеке сайлаушыға партиялардың бағытын салыстырып, саналы таңдау жасауға мүмкіндік береді.
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің профессоры Алуа Ибраева Құрылтай қызметіне қоғамдық қатысудың құқықтық тетіктерін институционалдық деңгейде бекіту маңызды екенін айтты. Оның пікірінше, заманауи Құрылтай мемлекет пен қоғам арасындағы тұрақты диалог алаңына айналуға тиіс. Азаматтар өз ұсынысын жеткізіп қана қоймай, сол бастамалардың шешім қабылдау кезінде қалай қаралып, қаншалықты ескерілгенін де көре алуы қажет.
Алуа Ибраева қоғамдық қатысу арналарының кеңеюі өкілді институттарға деген сенімді арттыратынын атап өтті. Ашық талқылау кезінде азаматтар заң жобасының мазмұнымен танысып, оның ықтимал салдарына қатысты пікір білдіруге мүмкіндік алады. Мұндай тәжірибе қабылданатын заңдардың сапасын көтеріп, қоғам мен билік арасындағы байланысты нығайтады.
Алматы қаласы Азаматтық альянсының төрағасы Қайыржан Әбдіқалықов тұрақты қоғамдық диалогты халықпен жүйелі консультацияларсыз дамыту мүмкін еместігін айтты. Оның сөзінше, талқылау үдерісіне үкіметтік емес ұйымдар, жастар, ғылыми қауымдастық және өңір өкілдері кеңінен тартылуы керек. Түрлі әлеуметтік топтың пікірін ескеру Құрылтай қабылдайтын шешімдердің қоғам сұранысына жақын болуына ықпал етеді.
Қайыржан Әбдіқалықов заңнамалық бастамаларды ашық талқылау мен тұрақты кері байланысты қоғамдық сенімнің негізгі шарты деп атады. Азаматтар шешім қабылдау үдерісінен сырт қалмай, ұсыныстарының қаралу барысы туралы нақты ақпарат алып отыруы қажет. Қоғамның қатысуы демократиялық институттардың орнығуына және биліктің есептілігін күшейтуге жол ашады.
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің аға оқытушысы Айгерім Жүнісова цифрлық Құрылтай тұжырымдамасы мен e-Parlament моделін енгізу жөніндегі ұсыныстарын таныстырды. Ол заң жобаларын сүйемелдеуге арналған бірыңғай цифрлық жүйе құрып, заң шығару үдерісінің барлық кезеңін қоғамға ашық етуді ұсынды. Платформа арқылы азаматтар заң жобаларымен танысып, ұсыныс жолдап, құжаттардың қаралу барысын қадағалай алар еді.
Сарапшы азаматтардың цифрлық қатысу тетіктерін дамытумен қатар жасанды интеллект мүмкіндіктерін қолдануға назар аударды. Жасанды интеллект заңнамалық бастамаларды, сарапшылардың қорытындыларын және азаматтардан түскен ұсыныстарды жүйелеуге көмектесе алады. Технологияны енгізу шешім қабылдауды толық автоматтандыруды емес, ауқымды ақпаратты жылдам талдап, заң шығарушылардың жұмысын жеңілдетуді көздейді.
Талқылауды қорытындылаған қатысушылар Құрылтайдың қалыптасуы конституциялық реформаны іс жүзінде жүзеге асырудың басталғанын білдіретінін атап өтті. Жаңа өкілді орган Қазақстандағы саяси жүйені жаңғыртып, заң шығару қызметінің сапасын көтеруге мүмкіндік береді. Алдағы сайлау «Күшті Президент – Ықпалды Құрылтай – Есеп беретін Үкімет» моделін одан әрі нығайтатын маңызды қадам ретінде бағаланды.
Сарапшылар жаңа жүйенің тиімділігі партиялық бағдарламалар арасындағы шынайы бәсекеге, заң шығару үдерісінің ашықтығына және кәсіби сараптамалық сүйемелдеуге байланысты екенін айтты. Азаматтардың шешім қабылдауға кеңінен қатысуы мен заманауи цифрлық технологияларды қолдану мемлекеттік институттарға деген қоғамдық сенімді арттыра алады. Құрылтай тек заң қабылдайтын орган ретінде емес, қоғам үнін саяси шешімге айналдыратын ықпалды институт ретінде қалыптасуы қажет.
Кездесуде сайлаушылардың дауыс беруге белсенді қатысуының маңызы да ерекше аталды. Жоғары сайлау белсенділігі жаңа өкілді органның қоғамдық легитимділігін қамтамасыз етіп, азаматтардың ел болашағына бейжай қарамайтынын көрсетеді. Сайлауға қатысу қоғамның саяси жаңғыруға, мемлекеттік басқаруға және Қазақстанның алдағы дамуына үлес қосуға дайын екенін білдіреді.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







