Қазақстандық қоғамдық даму институты жүргізген екі тәуелсіз зерттеу азаматтардың мемлекеттік институттарға сенімі артып, қоғамда оптимистік көңіл күй күшейгенін көрсетті. Сауалнама нәтижесіне сәйкес, қазақстандықтардың 86,9 пайызы ел Президентіне сенім білдіреді, – деп жазады Ertenmedia.kz.
Зерттеу қорытындысы 2026 жылғы 17 шілдеде өткен «Sarap» сарапшылар клубының отырысында таныстырылды. Басқосу «2026 жылғы электоралдық ландшафт және сайлау тенденциялары: қоғам не күтеді» тақырыбына арналды.
Іс-шараға сарапшы-академиялық қауымдастық өкілдері, ғылыми-зерттеу институттары мен талдау ұйымдарының басшылары, жоғары оқу орындарының докторанттары мен магистранттары қатысты. Олар жаңа Конституция жағдайындағы Құрылтай сайлауы қарсаңындағы қоғамдық үмітті, партиялық құрылымдардың рөлін және азаматтардың саяси белсенділігін талқылады.
Отырыс барысында институт жүргізген екі зерттеудің нәтижесі ұсынылды. «2026 жылдың II тоқсанындағы қоғамдық-саяси ахуал» сауалнамасына 2400 адам, ал «Қазақстандықтардың саяси бағдарлары» зерттеуіне 1200 респондент қатысқан.
Бір-біріне тәуелсіз жүргізілген сауалнамалар өзара ұқсас нәтиже көрсеткен. Институт мамандары электоралдық кезең қоғамдағы жоғары консолидация, оптимизм және мемлекеттік институттарға тұрақты сенім жағдайында басталғанын атап өтті.
Алғашқы зерттеуге сәйкес, азаматтардың 84, 1 пайызы елдегі қоғамдық-саяси ахуалды қолайлы немесе тұрақты деп бағалайды. 2026 жылдың бірінші тоқсанында аталған көрсеткіш 70, 4 пайыз болған. Үш ай ішіндегі өсім қоғамдық көңіл күйдің едәуір жақсарғанын аңғартады.
Өз көңіл күйін өте жақсы немесе бірқалыпты деп бағалаған респонденттердің үлесі 88, 5 пайызға жетті. Алаңдаушылық сезінетін азаматтар саны 15, 2 пайыздан 11, 5 пайызға дейін азайған. Өміріне қанағаттанатындардың үлесі 85, 8 пайызды құрады.
Сауалнамаға қатысқандардың 50, 5 пайызы кейінгі бір жылда отбасының материалдық жағдайы жақсарғанын айтқан. Ал респонденттердің 60, 1 пайызы алдағы бір жыл ішінде тұрмысында оң өзгеріс болады деп күтеді.
Жастар арасындағы оптимистік көзқарас өзге жас санаттарына қарағанда жоғары болып шықты. 18–28 жас аралығындағы азаматтардың 87, 1 пайызы қоғамдық-саяси ахуалды қолайлы немесе тұрақты деп бағалаған. Аталған көрсеткіш барлық жас тобының ішіндегі ең жоғары деңгей саналады.
Жас респонденттердің 65, 6 пайызы алдағы бір жылда өмірі жақсаратынына сенеді. Зерттеу авторлары жастардың болашаққа көзқарасы айқын әрі орнықты сипат алғанын атап өтті.
Қоғам сайлау кезеңіне сеніммен кірді
Мемлекеттік институттарға деген сенім де жоғарылаған. 2026 жылдың екінші тоқсанында Президентке сенім білдіргендердің үлесі 86, 9 пайызға жетті. Мұндай көрсеткіш барлық жас санатында байқалған.
Институт мамандары Президентке қолдау жекелеген әлеуметтік немесе демографиялық топпен шектелмейтінін айтады. Зерттеу нәтижесі сенім деңгейінің қоғамның кең ауқымын қамтығанын көрсеткен.
«Қазақстандықтардың саяси бағдарлары» зерттеуіне қатысқан азаматтардың 75, 1 пайызы алдағы Құрылтай сайлауында дауыс беруге дайын екенін мәлімдеді. Респонденттердің 37, 6 пайызы сайлауға міндетті түрде қатысатынын айтқан.
Тағы 37, 5 пайызы «Иә деуге болады» деген жауапты таңдады. Олар сайлау учаскесіне бару ықтималдығы жоғары электоралдық топ ретінде бағаланып отыр.
Дауыс беруге дайындықтың ең жоғары деңгейі аға буын өкілдері арасында тіркелді. Олардың 80, 7 пайызы Құрылтай сайлауына қатысуға ниетті. Жастар арасындағы көрсеткіш 69, 4 пайызды құрады.
Жоғары білімі бар азаматтар мен ауыл тұрғындары да сайлауға белсенді қатысуға дайын екенін білдірген. Зерттеу нәтижесі білім деңгейі мен тұрғылықты жер электоралдық белсенділікке әсер ететін маңызды фактордың бірі екенін аңғартады.
Сарапшылардың бағалауынша, алдағы Құрылтай сайлауы елдің саяси жүйесін дамытудың жаңа кезеңіне жол ашады. Сайлау өкілді билікті одан әрі институттандыру бағытын айқындайтын негізгі саяси оқиғаның бірі болмақ.
Қазақстандық қоғамдық даму институты сайлау науқаны кезінде қоғамдық пікірге сауалнама жүргізу үшін Орталық сайлау комиссиясында ресми аккредитациядан өткен.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







