Мәдениет және ақпарат министрлігі бас жүлдесі 100 мың доллар болатын «Қала хикаялары» әдеби байқауын жариялады. Қоғам қайраткері Нұртөре Жүсіптің пікірінше, жаңа жоба қаламгерлерге заманауи қазақ қоғамының болмысын әдебиетке әкелуге үлкен мүмкіндік береді, – деп жазады Ertenmedia.kz.
Оның айтуынша, жазушылар ауыл тақырыбы мен өткен дәуірдің оқиғасына ғана байланып қалмай, бүгінгі қала қазағының тыныс-тіршілігіне батыл бет бұруы қажет.
Мегаполистегі адамның күнделікті өмірі, ішкі арпалысы, баспана мәселесі, қызметтегі бәсеке мен әлеуметтік өзгеріс әдеби шығармаға сұранып тұрған дайын сюжет.
Нұртөре Жүсіп Мемлекет басшысының қолдауымен балалар әдебиетін дамытуға да бұрын-соңды болмаған қаржы бөлініп отырғанын атап өтті. Сондықтан қаламгерлерге кітап өтпейді немесе жаңа тақырып табу қиын деген уәж айтуға негіз жоқ. Қоғамның өзі күн сайын жаңа кейіпкер мен тосын оқиға ұсынып отыр.
Оның пайымдауынша, қазіргі әдебиеттің басты тұлғаларының қатарында цифрлық мемлекет құрып жатқан ІТ мамандары, жасанды интеллект саласының өкілдері, инженерлер мен технологиялық кәсіпкерлер болуы керек.
Жазушылар осындай жастардың ішкі дүниесіне үңіліп, олардың арманын, күдігін, ізденісін және жаңа дәуірдегі жауапкершілігін көркем шығармаға айналдыруға тиіс.
Қоғам қайраткері қала мәдениетін ұлттық дәстүрмен ұштастыру мәселесіне де назар аударды. Көпқабатты үй аулаларында Наурыз бен өзге мерекелерді бірге атап өту, көршілік қарым-қатынасты жаңғырту және қазақы құндылықтарды урбанистік ортаға бейімдеу де жаңа әдебиеттің өзегіне айнала алады.
Нұртөре Жүсіптің пікірінше, «Қала хикаялары» байқауы қаламгерлерді тек жүлдеге талпындырмай, қазақ әдебиетінің тақырыптық шекарасын кеңейтуге тиіс.
Бүгінгі қаланың шынайы бейнесі жазылса, оқырман кітаптан өзін, өз ортасын және өз заманының үнін көре бастайды.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







