Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының ректоры Арман Жүдебаев ақ пейіл ұғымын ұлттық мәдениеттің бастауы деп атады. Оның ойынша, мәдениет музей мен кітапханадан бұрын адамның күнделікті мінез-құлқынан көрінеді, – деп жазады Ertenmedia.kz.
Арман Жүдебаевтың айтуынша, ақ пейіл адамның таза ниетімен ғана өлшенбейді. Ол өзгеге көрсетілген құрметтен, жылы сөзден, үлкенге ізет пен кішіге қамқорлықтан байқалады. Айналадағы адамның қадір-қасиеті мен жеке кеңістігін сыйлау да осы ұғымның ажырамас бөлігі саналады.
Қазақ халқы күнделікті қарым-қатынастың өзіне терең мән берген. Алғыс айту, орын ұсыну, жөн-жоралғыны сақтау секілді қарапайым әрекет ұлттық тәрбиенің өлшеміне айналған. «Сәлем – сөздің анасы» деген нақыл да амандасу әдебінің халқымыз үшін қаншалықты маңызды болғанын көрсетеді.
Арман Жүдебаевтың пікірінше, әр халықтың өзіндік сәлемдесу мәдениеті бар. Амандасу адамның тәрбиесін, дүниетанымын және өзгеге деген көзқарасын танытады. Қазақ үшін сәлем беру ең алдымен құрмет пен ізеттің белгісі болған.
Қолды жүрек тұсына қойып, «Ассалаумағалейкум» немесе «Сәлеметсіз бе» деп амандасу сыртқы рәсіммен шектелмейді. Мұндай ишара адамның қарсы алдындағы жанға адал ниетпен қарағанын білдіреді. Арман Жүдебаев оны ұлттық мәдениетіміздің табиғи әрі көркем көрінісі деп бағалады.
Оның айтуынша, кейінгі жылдары қазақы танымға толық үйлеспейтін кейбір қарым-қатынас үлгісі кең тарала бастаған. Бір-бірін жақын танымайтын адамдардың құшақтасып немесе беттен сүйіп амандасуы қоғамда қалыпты әрекетке айналып барады. Алайда мұндай қатынас әр адамның жеке шекарасы мен ұлттық әдепті ескере бермеуі мүмкін.
Арман Жүдебаевтың ойынша, әдепті тек сыпайылық деп түсіну жеткіліксіз. Әдеп өзгенің шекарасын сезініп, ар-намысы мен қадір-қасиетіне құрметпен қараудан басталады. Әр адамның артында отбасы, әулет және жақындарының сенімі тұрғанын ұмытпау қажет.
Қоғамдағы жарасым
Ол ұлттық амандасу үлгісін дәріптеуді өзге мәдениетке тыйым салу деп қабылдамауға шақырды. Өзге халықты құрметтеу үшін адамның төл болмысынан бас тартуы міндет емес. Керісінше, әлемнің рухани байлығы әр ұлттың өзіндік ерекшелігін сақтай алуымен құнды.
Өнер жолындағы тәжірибесіне сүйенген Арман Жүдебаев халықтар арасындағы үйлесімді оркестрмен салыстырды. Домбыра қобыздың үнін, қобыз сыбызғының сазын қайталамайды. Әр аспап өз табиғаты мен бояуын сақтаған кезде ғана тұтас әрі үйлесімді әуен дүниеге келеді.
Оның пікірінше, қоғамдағы жарасым да әр халықтың өз мәдени үнін сақтай білуінен басталады. Амандасу әдебі, сөйлеу мәдениеті, үлкенге құрмет пен кішіге ізет қазақтың ғасырлар бойы қалыптасқан рухани болмысын танытады. Адамның жеке кеңістігін сыйлау да заман талабына сай ұлттық әдептің маңызды өлшеміне айналуға тиіс.
Арман Жүдебаев ұлт мәдениеті тек үлкен мереке мен салтанатты жиында көрінбейтінін атап өтті. Оның шынайы бейнесі адамдардың күнделікті амандасуынан, сөйлесуінен және бір-біріне жасаған қарым-қатынасынан байқалады. Ақ пейіл мен өзара сыйластық сақталса, ата-бабадан қалған рухани мұраның да ғұмыры ұзақ болмақ.
Ол қоғамды жүректегі ақ пейілді, сөздегі ізгілікті және іштегі құрметті жоғалтпауға шақырды. Ұлттық әдепті сақтау өткенге байланып қалу емес, болашаққа өз болмысымызбен қадам басудың жолы саналады. Арман Жүдебаев барша қазақстандыққа амандық, береке және өзара сыйластық тіледі.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







