Түркістан облысына жұмыс сапары аясында «Әділет» партиясының республикалық сайлауалды штабы ұлттық спорт саласының өкілдерімен кездесті. Басқосуда спортшылар мен жаттықтырушылар саладағы өзекті мәселелерін көтеріп, партия өкілдерімен ашық пікір алмасты.
Кездесу барысында сөз сөйлеген «Әділет» партиясының төрағасы Айбек Дәдебай ұлттық спорт саласына қатысты көтерілген мәселелердің барлығы назардан тыс қалмайтынын айтты.
– Бүгінгі кездесуге арнайы келіп отырғандарыңыз үшін рақмет. Бүгін өте жақсы сындарлы ұсыныстар айттыңыздар. Біз естідік, оны алдағы жұмысымызда ескереміз, мүмкіндігінше қолдаймыз, — деді Айбек Дәдебай.
Ал Құрылтай депутаттығына кандидат Жанарбек Әшімжан партияның сайлауалды бағдарламасындағы негізгі басымдықтарға тоқталды. Оның сөзінше, құжатта білім беру, жол инфрақұрылымы мен ауылдарды дамыту бағыттары қамтылған. Сондай-ақ ол Ұлттық спортты қолдау мәселесі бағдарламадағы маңызды бағыттардың бірі екенін ерекше атап өтті.
– Осыған дейін ұлттық спорттың 11 түрі көбіне демеушілерге арқа сүйеп келген. Енді заңнамалық өзгерістерге сай, олимпиадалық спорт түрлері ғана емес, ұлттық спорттың 11 түрі де мемлекеттен қаржы алады. Кәсіби клубтар ғана емес, ұлттық иммунитеті – ұлттық спортқа, яғни, кез келген қазақтың қара домалақ баласы қазақтың жанына, тәніне, қазақтың жауынгерлігіне, өркениетке бастыратын ұлттық спортқа қатыса алады, — деді Жанарбек Әшімжан.
Сондай-ақ ол қазақстандық спортшылардың Дүниежүзілік көшпенділер ойындарында тұрақты түрде жоғары нәтиже көрсетіп жүргеніне тоқталды. Жанарбек Әшімжан мұны еліміздегі ұлттық спорттың даму деңгейімен байланыстырды.
– Сіздердің алдарыңызға талай саясаткерлер келер, бірақ, «Әділет» партиясының бағдарламасы құр уәденің емес, мамандармен талқыланған, есеп-қисабы жасалған құжат, — деп түйіндеді ол.
Жүздесуде ұлттық спортты одан әрі дамыту, инфрақұрылымды жетілдіру, жас спортшыларды қолдау мәселелері және жаттықтырушылардың ұсыныстары талқыланды. Партия өкілдері айтылған пікірлер мен бастамалар сайлауалды бағдарлама аясындағы алдағы жұмыстарда ескерілетінін жеткізді.
Еске сала кетейік, «Әділет» партиясы сайлауалды үгіт-насихат науқанын қасиетті Түркістан облысынан бастады. Республикалық штаб мүшелері сапар аясында өңір тұрғындарымен, қолөнершілермен және кәсіпкерлермен кездесулер өткізді.
Дайындаған:
«Әділет» партиясының баспасөз қызметі.
«Әділет» партиясы» ҚБ сайлау қорының қаражаты есебінен төленді.
Тапсырыс беруші: Н. Т. Мыңжасаров.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







