Вице-президент? 10 күннің ішінде Тоқаевтың таңдауы түскен кандидаттың есімі белгілі болады. Мұндай орынға жүйенің ішкі тамыр соғысын жатқа білетін, жауапкершілік арқалай алатын, ең бастысы кландық ықпалдан азат фигура қажет.
Ertenmedia.kz осы тұста мемаппаратта шыңдалған, өзіндік басқару стилі мен стратегиялық беделі бар 6 тұлғаның кандидатурасы сұрыптан өткізіп көрді.
Балаева
Аида Балаеваның феномені оның түрлі кландық топтардан тысқары тұруында. Мемқызметтегі жолын ең төменгі сатыдан бастап, Астана мен Алматының ішкі саясатын, АП бөлімдерін басқарып, кейін министрлік мен Үкіметте ұшталған саясаткердің бойында жүйенің «институционалды жады» толық сақталған.
Балаеваның елдегі 2-ші тұлғаның позициясына тағайындалуы элита аралық хаос туғызбайды.
Егер әлгі орынға қайсыбір қаржылы-өнеркәсіптік топтың, мұнай гигантының немесе өңірлік кланның өкілі келсе, бұл өзге топтардың қарсылығын туғызып, саяси теңгерімді бұзатын еді. Балаеваның клансыздығы, оның ең басты артықшылығы. Артында қаржылық империясы, лоббистік топтары немесе зауыт-фабрикасы жоқ саясаткердің вице-президент креслосына келуі саяси элитаның барлық қанаты үшін (Тоқаевтың өзі үшін де) қауіпсіз, бейтарап консенсус.
Сыртқы саяси аспектіде мұндай саясаткердің жоғарылауы Батыс пен халықаралық ұйымдар үшін реформаторлық пен заманауилықтың факторына айналады.
Қарин
Ерлан Қариннің осы сапта жүруі сіз бен біз үшін идеологиялық суверенитеттің кепілі. Мемкеңесші лауазымында Ерлан Тынымбайұлы құрғақ идеологиялық пафосты реакцияшыл, қоғыммен тығыз диалог құра алатын тірі процеске айналдырды. Ұлттық құрылтай сияқты институционалдық диалог алаңын құрып, азаматтық қоғам, сарапшылар мен зиялы қауымның басын бір арнаға тоғыстырды.
Қариннің осы орынға келуін нығыздайтын батыл аргумент оның концептуалды саяси талдау мен идеологиялық инженерияны мемаппыраттың күнделікті жұмысына кіріктіре алуында.
Қазіргі алай-дүлей заманда мемлекетке тек есеп беретін бюрократ емес, ұлттық нарративті қалыптастыра алатын саяси стратег керек. Қарин қоғамдық ой-сананы, трендтерді, радикалды ағымдардың табиғатын терең түсінеді. Артында олигархиялық топтардың болмауы оған идеологиялық векторды таза ұлттық мүдде бағытында ұстауға мүмкіндік береді.
Оның вице-президенттік орынтақтан көрінуі елдегі саяси реформалардың кері қайтпайтынын, мемлекеттіліктің интеллектуалдық өзегі бекемделе түсетінін білдіретін айқын белгі.
Бектенов
Олжас Бектеновтің фигурасы антикоррупциялық иммунитет пен аппараттық темірдей тәртіптің символына айналғанын мойындауымыз керек. Үкіметбасы ретінде ол бюрократиялық сүйретпе мен жауапсыздыққа тосқауыл қойып, мемлекеттік қаржының тиімділігі мен ұрланған активтерді қайтару процесін қатаң бақылауға алды.
Бектеновтің екінші орынға шығуын негіздейтін басты аргумент сөзден гөрі іске, салқынқанды есепке мен нақты нәтижеге сүйенетін технократиялық саясаттың үстемдік құруында.
Мемлекеттік аппаратта сыбайлас жемқорлықтың кез келген көрінісіне, бюрократиялық қасаңдыққа жаны қас саясаткердің жоғарылауы халық санасында заң үстемдігі мен әділеттілік орнап жатқандығының айқын дәлелі ретінде қабылданар еді. Егер жүйеге сөздің емес, нәтижелі істің, атқарушылық тәртіптің абсолютті монополиясы қажет болса, Бектенов кандидатурасы ең пәрменді құрал.
Әшімбаев
Мәулен Әшімбаев конституциялық сабақтастық пен парламенттік дипломатияның архитекторы. Сенат төрағасы лауазымында ол заңнамалық базаны қайта пішімдеуде, саяси институттар арасындағы теңгерімді ұстауда жоғары кәсібилік танытты.
Әшімбаевтың кандидатурасын екінші орынға лайықтайтын бұлтартпас аргумент оның жүйелілік, интеллектуалдық тереңдік пен конституциялық сабақтастықты қамтамасыз ету қабілетінде. Ол ма, ол кез келген саяси реформаның заңнамалық фундаментальды негізін қалап, билік тармақтары арасындағы тепе-теңдікті сақтай алады.
Саяси элита арасында байсалды, конструктивті саясаткер ретінде танылған Әшімбаевтың екінші орынға бекуі Тоқаевтың тұсындағы жүйенің эволюциялық, қауіпсіз дамуын кепілдендіретін институционалдық зәкір қызметін атқарады.
Бозымбаев
Қанат Бозымбаев төтенше дағдарыс сәтінде қол бастайтын, өңірлік және инфрақұрылымдық шиеленістерді жедел шешуге қабілетті қатал басқарушы. Табиғи немесе техногендік катаклизмдер, су тасқыны, энергетикалық дағдарыс кезінде ол кабинетте тығылмай, оқиға ортасынан табылып, дағдарыс-менеджері ретінде тиімділігін дәлелдеді.
Бозымбаевты екінші орынға шығаратын тосын тезис өңірлік элиталар мен инфрақұрылымдық тәуекелдерді темірдей уыста ұстау қабілетінде. Ол бюрократиялық қағазбастылықты белден басып, жедел шешім қабылдаудан тайсалмайды.
Оның бойындағы бруталдық (тыңда е..тты ұмыта қойған жоқпыз) пен оперативтілік мемлекеттік аппаратты кез келген форс-мажорлық жағдайда жұмылдыруға мүмкіндік береді.
Нұртілеу
Дипломатиялық мектептің өкілі, Президент әкімшілігі мен Сыртқы істерді басқарған (бұған ұлттық қауіпсіздік жүйесі қосыңыз) саясаткер ретінде ол мемаппараттың ішкі тәртібі мен халықаралық қатынастардың қалтарыс-бұлтарысын тең меңгерген.
Мұндай институционалдық тәжірибе Нұртілеуге мемлекеттің ішкі қауіпсіздік алгоритмін, бюрократиялық аппараттың ішкі механизмін және жаһандық геосаяси күштердің теңгерімін бір уақытта тұтас көруге мүмкіндік береді.
Жаһандық геосаяси дауыл, аймақтық шиеленіс мен санкциялық қысымдар күшейген сәтте Нұртілеудің вице-президент болуы үлкен үйдің сыртқы соққыларға қарсы институционалдық бронясын қалыптастырады. Ол Уашингтон, Бейжің, Мәскеу және Брюссель сияқты ықпал орталықтарымен бірдей деңгейде келіссөз жүргізе алатын, дипломатиялық майданда ел мүддесін эмоциясыз, бірақ өте терең прагматизммен, салқынқанды жүйелілікпен қорғайтын саяси стратег.
Тоқ етерін айтқанда…
Осы 6 саясаткердің әрқайсысы саяси жүйенің белгілі бір стратегиялық тірегін бекемдейді.
Балаева элита арасындағы эмпатиялық теңгерімді, Қарин интеллектуалдық жаңғыруды, Бектенов аппараттық тәртіпті, Әшімбаев заңдылық пен сабақтастықты, Нұртілеу геосаяси қауіпсіздікті, Бозымбаев төтенше дағдарыс менеджментін қамтамасыз етеді.
Президент қай векторды басым деп таныса да, бұлардың қай-қайсысы болсын Тоқаевтың үдесінен шығуға тырысары анық.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







