Нұрлан Бекназаров, Динара Зәкиева және Дания Еспаева Құрылтай төрағасының орынбасарлары болып сайланды. Үшеуінің де заң шығару саласында тәжірибесі бар, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Нұрлан Бекназаров пен Динара Зәкиева Құрылтайға «Әділет» партиясының атынан сайланған. Ал Дания Еспаева «Ақ жол» демократиялық партиясының өкілі саналады.
Нұрлан Бекназаров
Бекназаров бұған дейін Сенат депутаты болған. Жоғарғы палатада Конституциялық заңнама, сот жүйесі және құқық қорғау органдары комитетін басқарған. Оның бұрынғы қызмет бағыты конституциялық реформалар, сот жүйесі мен құқық қорғау саласына қатысты заң жобаларын қамтыды.
Динара Зәкиева
Динара Зәкиева бұрын Мәжіліс депутаты болып, әлеуметтік мәселелер мен бала құқығын қорғау бағытында жұмыс істеген. Кейін Қазақстандағы Бала құқықтары жөніндегі уәкіл қызметіне тағайындалды.
Зәкиеваның Құрылтай басшылығына келуі әлеуметтік саясат, отбасы мен бала қауіпсіздігіне қатысты мәселелердің жаңа парламент күн тәртібіндегі салмағын арттыруы ықтимал.
Дания Еспаева
Дания Еспаева бұған дейін Мәжіліс төрағасының орынбасары қызметін атқарған. Сондықтан ол Құрылтай басшылығындағы үш орынбасардың арасында парламент жұмысын тікелей басқару тәжірибесі бар саясаткер саналады.
Еспаева депутаттық қызметінде экономика, қаржы және кәсіпкерлік мәселелеріне ден қойып келген.
Осылайша, жаңадан сайланған Құрылтай төрағасы Айбек Дәдебайдың үш орынбасары да бұрын парламентте қызмет атқарған тәжірибелі саясаткерлерден жасақталды. Енді Құрылтай комитеттерінің құрамы мен олардың басшылары бекітілуге тиіс.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







