Саясаттанушы Данияр Әшімбаев Қауіпсіздік кеңесі төрағасының орынбасары қызметінің енгізілуін билік құрылымын күрделендіретін шешім деп бағалады. Пайымынша, жаңа лауазым вице-президенттікке негізгі үміткер атанған саяси тұлғалардың біріне берілуі мүмкін, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Президент Тоқаев бірінші сайланған Құрылтайдың алғашқы сессиясында Қауіпсіздік кеңесі төрағасының орынбасары деген жаңа лауазым пайда болатынын мәлімдеген еді.
Мемлекет басшысы Құрылтай құрылымы жасақталғаннан кейін депутаттардың қарауына вице-президент пен Премьер-министр қызметіне кандидаттарды ұсынатынын айтты. Артынша Құрылтаймен кеңесе отырып Үкімет мүшелерін тағайындамақ.
«Сонымен қатар Қауіпсіздік кеңесі төрағасының орынбасары деген жаңа лауазымға тағайындау жүргізіледі», – деді Тоқаев.
Қазақстанда мұндай қызмет бұрын да болған
Әшімбаевтың айтуынша, Қауіпсіздік кеңесі төрағасының орынбасары Қазақстанның мембасқару жүйесі үшін таңсық емес. Мұндай лауазым 1993–1994 жылдары болған. Оны алдымен сол кездегі мемкеңесші Төлеген Жүкеев қосымша атқарса, кейін Болат Баекеновке бұйырған. 1994 жылдың жазында қызмет Қауіпсіздік кеңесінің хатшысы лауазымы болып қайта құрылған.
Саясаттанушы араға отыз жыл салып қызметтің қайта енгізілуінен Мәскеудегі тәжірибенің ықпалын көреді. Ресейде осыған ұқсас лауазым экс-президент Дмитрий Медведев үшін арнайы ойлап табылған еді. Әшімбаев мұны өкілеттігі жағынан гөрі символдық сипаты басым қызмет деп бағалайды.
Вице-президенттікке кімдер қарастырылуы мүмкін?
Саясаттанушының жорамалы бойынша, Олжас Бектенов премьер қызметінде қалады. Ал Мәжілістің экс-төрағасы Ерлан Қошанов Халық кеңесін басқаратын болады. Осындай кадрлық қисын жүзеге асқан жағдайда, вице-президент қызметіне Мәулен Әшімбаев пен Ерлан Қарин басты үміткер ретінде қалуы мүмкін.
Президент вице-президенттікке және Премьер-министр қызметіне кімдерді ұсынатынын әзірге жариялаған жоқ.
«Жаңа қызметтің мәртебесі «күміс жүлдемен» пара-пар, себебі оны иеленген тұлға бейресми түрде Президенттің орынбасары деңгейіне көтеріледі», – деп пайымдады Әшімбаев.
Оның тұспалы бойынша, вице-президент қызметіне өтпеген ықпалды үміткердің бірі Қауіпсіздік кеңесі төрағасының орынбасары болып тағайындалуы ғажап емес.
Негізгі тағайындаулар алда
Қазақстанның жаңа Конституциясына сәйкес, Үкімет жаңадан сайланған Құрылтай алдында өкілеттігін тоқтатты. Министрлер кабинеті қайта жасақталғанға дейін қазіргі Үкімет мүшелері міндетін уақытша атқаруды жалғастырады.
Тоқаев Құрылтайдың құрылымы қалыптасқаннан кейін вице-президент пен Премьер-министр кандидатураларын депутаттарға ұсынбақ. Содан кейін Құрылтаймен кеңесіп, Үкімет мүшелерін тағайындайды. Қауіпсіздік кеңесі төрағасының жаңа орынбасары да осы кадрлық шешімдер аясында белгілі болады.
«Құрылтай мен Үкімет құрамы толық жасақталғаннан кейін Қазақстан халқына жыл сайынғы Жолдауымды жариялаймын. Жолдауда белгіленген бастамаларды атқарушы және заң шығарушы билік өкілдері бірлесіп, уақтылы әрі сапалы жүзеге асыруға тиіс», – деді Президент.
Мемлекет басшысы қызметке жаңадан кірісетін лауазымды тұлғалардың ел алдында тұрған ортақ мақсаттар мен міндеттерді нақты түсінуі қажеттігін де ескертті.
Осылайша, алдағы кадрлық шешімдер кезінде Қазақстанның жаңа билік құрылымындағы төрт маңызды буын айқындалмақ. Олар – вице-президент, Премьер-министр, Халық кеңесінің басшысы және Қауіпсіздік кеңесі төрағасының орынбасары.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







