Құрылтай депутаты Армангүл Тоқтамұраттың журналист сауалына жауап бермей қашқан сәті желідегі күн тәртібінен түспей тұр. Қызуы басылмаған мәселеге Ақпарат министрі Аида Балаева араласып, депутаттарды қудалау мен жеке басына тиісуді тоқтатуға шақырды, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Дау Құрылтайдың жаңадан сайланған депутатына тұрғын үй мәселесі жөнінде сұрақ қойылғаннан кейін басталған. Журналист Серік Жолдасбай Тоқтамұраттан 2022 жылы пәтер сатып алғаны туралы жазбасы мен кейін Тоқаевтың атынан журналистерге берілген баспананың бірін иеленуіне қатысты түсініктеме сұраған.
Алайда депутат сауалға жауап бермей, Құрылтай ғимаратына кіріп кеткен. Осы видео желіге тарап, экс-журналистің әріптесінен жалтаруы сынға ұшырады.
Тұрғын үйге қатысты мәселе алғаш рет көтеріліп отырған жоқ. 2023 жылы журналистерге Президент атынан пәтер берілген кезде де Тоқтамұраттың бұған дейін баспана сатып алғаны туралы жазбасы қоғам назарын аударған-ды. Алайда оның пәтер берілген сәтте атында жылжымайтын мүлік болған-болмағаны жөнінде дерек жарияланбаған.
Балаева не дейді?
Осы пікірталастан кейін Аида Балаева мәлімдеме жасап, соңғы күндері бірқатар Құрылтай депутатына, соның ішінде тұрғын үй мәселесіне байланысты «негізсіз жорамал мен әдепсіз пікірлер» айтылып, жағдай буллингке ұласқанын мәлімдеді. Министр Армангүл Тоқтамұраттың есімін тікелей атамағанымен, жазба аталған дау аясында жарияланып отыр.
Балаеваның түсіндіруінше, Ақорда мәдениет және медиа саласы қызметкерлерінің баспана мәселесін жүйелі түрде шешіп келеді. Алғашқы жылдары пәтерлер редакциялар жасаған тізім бойынша берілсе, кейін тұрғын үй арнайы қағидаларға сәйкес бөлінген.
«Пәтерлер тек меншігінде жылжымайтын мүлкі жоқ сала қызметкерлеріне беріліп келеді», – деді министр.
Тоқтамұрат? Сонымен бірге Балаева мемлекеттік орган өкілдері мен Құрылтай депутаттары қоғамды қызықтырған сауалға мүмкіндігінше түсініктеме беруге тиіс екенін атап өтті. Осы сөзімен ол депутаттың журналист сұрағынан жалтармауы керектігін де аңғартқандай.
Министр адамды қудалау, жеке басына тиісу, ақпаратты бұрмалау және назар аударатын тақырып үшін әдейі арандату журналистикаға жараспайтынын айтып отыр. Дей тұрғанмен, мәлімдеме тұрғын үйдің Тоқтамұратқа қандай құқықтық негізде берілгенін жеке-жеке ашып көрсетпейді.
Түптеп келгенде, даулы сауалға толық жауап алу үшін депутаттың өзінің немесе баспана бөлген мекеменің нақты түсіндірмесі қажет тәрізді.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







