Президент Тоқаев Арман Қырықбаевты Мәдениет және ақпарат министрі қызметіне тағайындады. Мемлекет басшысы тиісті Жарлыққа 3 қыркүйекте қол қойды, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Оның кандидатурасын тағайындауға дейін Құрылтайдың Әлеуметтік-мәдени даму комитеті мақұлдаған.
Арман Қырықбаев жаңа қызметте Аида Балаеваның орнына келді. Балаева 31 тамызда Қауіпсіздік кеңесі төрағасының орынбасары болып тағайындалған еді.
Қырықбаев Үкімет құрамына енгенге дейін Президенттің ішкі саясат және коммуникациялар мәселелері жөніндегі көмекшісі қызметін атқарды. Осы лауазымға 2025 жылғы ақпанда тағайындалған.
Таныс министрлікке оралды
49 жастағы Арман Қырықбаев үшін Мәдениет және ақпарат министрлігі бөтен орта емес. Ол 2006–2008 жылдары ведомствоның қоғамдық-саяси жұмыс және жұртшылықпен байланыс департаментін басқарған.
Кейін Мәдениет комитетінің төрағасы болды. 2012–2013 жылдары Мәдениет және ақпарат вице-министрі қызметін атқарды.
Қырықбаев Қарағанды облысы әкімінің орынбасары және екі мәрте Алматы қаласы әкімінің орынбасары болып жұмыс істеген. Өңірлік қызметте ішкі саясат, білім беру, денсаулық сақтау, мәдениет, жастар саясаты мен тілдерді дамыту саласына жетекшілік етті.
2020–2022 жылдары Nur Otan партиясының хатшысы болды. 2024 жылғы наурызда Президент Әкімшілігінің коммуникациялар бөлімін басқаруға кірісті. Кейін Мемлекет басшысының көмекшісі қызметіне ауысты.
Дипломатиядан ішкі саясатқа дейін
Арман Қырықбаев 1976 жылғы 20 қазанда Астанада дүниеге келген. Қазақ мемлекеттік басқару академиясын және Сыртқы істер министрлігінің Дипломатиялық академиясын тәмамдаған.
Еңбек жолын Сыртқы істер министрлігінде бастаған. Референт, атташе болып, Қазақстанның Өзбекстандағы елшілігінде қызмет еткен. Кейін сыртқы саясат ведомствосында хатшы лауазымын атқарды.
Жаңа министр мемлекеттік ақпараттық саясат, бұқаралық ақпарат құралдары, мәдениет, дін, азаматтық қоғам және этносаралық қатынас бағыттарына жауап береді. Қырықбаевтың Ақордадағы коммуникация мен ішкі саясатқа жауапты қызметтен келуі министрліктің ақпараттық бағытына ерекше салмақ түсетінін аңғартады.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







