Жетісу облысында Талдықорған мен Үштөбе қалаларын байланыстыратын 42 шақырымдық автожолды жөндеу жұмысы жоспардан екі ай бұрын аяқталды. Жаңарған бағыт облыс орталығы мен Қаратал ауданы арасындағы қатынасты жеңілдетіп, өңірдің негізгі күрежолдар желісін толықтырды, – деп жазады Ertenmedia.kz.
«Талдықорған — Үштөбе» жолы облыстық маңызы бар бағыттардың қатарына кіреді. Оны орташа жөндеуден өткізу жөніндегі тапсырманы облыс әкімі Бейбіт Исабаев өткен жылы Қаратал ауданы тұрғындарымен кездесуде берген. Жобаны іске асыруға облыстық бюджеттен қаражат бөлінді.
Жөндеу жұмысы биыл мамыр айында басталған. Сараптама қорытындысы бойынша құрылыс 14 айға жоспарланып, қарашада аяқталуға тиіс еді. Жұмыс қарқынының нәтижесінде негізгі кезең қыркүйектің басында мәресіне жетті.
Жолдың 27 шақырымы Жаңаталап ауылының бұрылысынан Үштөбе қаласының кіреберісіне дейінгі аумақты қамтиды. Аталған бөлікке екі қабат асфальт төселіп, жол негізін түзету жұмысы жүргізілді. Қалған 15 шақырымның негізі жақсы сақталғандықтан, оның үстіне бір қабат жаңа жабын салынды.
Асфальт төсеу толық аяқталғанымен, жол жиегін реттеу жұмысы жалғасып жатыр. Қазір аталған кезеңнің 50 пайызы орындалған. Нысанды қыркүйек айының соңына дейін пайдалануға қабылдау жоспарланып отыр.
«Жол жөндеу жұмысы биыл мамырда басталып, қарқынды еңбектің арқасында мерзімінен бұрын аяқталды. Қазір жол жиектерін реттеп жатырмыз. Ай соңына дейін нысанды пайдалануға қабылдаймыз», – деді облыстық Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Ғалымжан Дәрібаев.
Жоба аясында 13 учаскедегі су өткізгіш құбыр ауыстырылды. Жол бойына төрт бағдаршам орнатылып, төрт аялдама жөндеуден өткізілді. Қауіпсіздікке арналған жолақ пен инженерлік нысандар да жаңартылды.
Жол таңбасы термопласт материалымен салынып жатыр. Мамандардың айтуынша, кәдімгі бояумен түсірілген таңба шамамен үш ай қызмет етеді. Термопласт жабын қозғалыс пен ауа райының әсеріне төзімді болып, жол бетінде әлдеқайда ұзақ сақталады.
Жетісуда сапалы жолдардың үлесі 97 пайызға жақындады
Техникалық қадағалау өкілдері құрылыс барысын жол негізін дайындаудан бастап асфальт төсеуге дейін тексерген. Жұмыс бекітілген жоба мен смета талаптарына сәйкес атқарылған. Қабат қалыңдығы, материал сапасы және технологиялық үдеріс тұрақты бақылауда болған.

Жаңарған жол бойындағы Ескелді ауылының тұрғындары да өзгерісті сезіне бастаған. Ауыл тұрғыны Патигүл Сайранованың айтуынша, жол қатынасы жергілікті халық үшін ұзақ уақыт бойы өзекті мәселе болып келген. Енді Талдықорған мен Үштөбе арасындағы сапар қауіпсіз әрі қолайлы бола түсті.
«Жолымыздың жаңарып, қатынастың жеңілдегеніне қуанып отырмыз. Аялдамамыз жөнделіп, ауылда балалар ойын алаңы салынды. Елді мекеніміз біртіндеп көркейіп келеді», – деді Патигүл Сайранова.
Жетісу облысы құрылғаннан бері өңірдегі негізгі күрежолдарды жаңарту жұмысы кезең-кезеңімен жүргізіліп келеді. Талдықорғаннан Достыққа, Қорғасқа, Лепсі арқылы Балқаш көліне және Қаратал ауданының шалғайындағы Көпбірлік ауылына дейінгі бағыттар жөнделді. Енді осы желіге Үштөбе қаласына апаратын жаңарған жол қосылды.
Текелі қаласына баратын жолды жөндеудің жобасы да әзірленіп жатыр. Аталған бағыт аяқталған соң Талдықорғанды аудан орталықтарымен байланыстыратын негізгі жолдар толық жаңартылады. Мұндай желі облыс ішіндегі жолаушы және жүк қозғалысын жеңілдетуге мүмкіндік береді.
Жалпы биыл Жетісу облысында 370 шақырымға жуық автомобиль жолы жөнделіп жатыр. Өңірдегі 38 елді мекенде 230-ға жуық көше жолы жаңартылуда. Атқарылған жұмыстың нәтижесінде жақсы және қанағаттанарлық жағдайдағы облыстық маңызы бар жолдардың үлесі 97 пайызға жуықтады.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







