14 қарашада республиканың басым бөлігінде атмосфералық фронталды бөліктердің өтуіне байланысты ауа райы құбылмалы болып, жаңбыр мен қар жауады, көктайғақ пен тұман түседі, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
«Атмосфералық фронталды бөліктердің әсерінен республиканың басым бөлігінде жаңбыр мен қар түрінде жауын-шашын болады. Тек еліміздің оңтүстігінде ғана күн ашық болады деп күтілуде», – деп мәлімдеді «Қазгидромет» мамандары.
Астана, Алматы және Шымкент: мегаполистердегі күн райы
Елордада құбылмалы бұлтты ауа райы сақталады. Түнде қар жауса, күндіз жаңбыр аралас қар жауып, көктайғақ болады. Оңтүстік-батыстан соғатын желдің жылдамдығы секундына 7–12 метрге дейін жетеді. Сынап бағанасы түнде 1–3 градус аязды, ал күндіз 1 градус аяз бен 1 градус жылы аралығын көрсетеді.
Алматыда күн ала бұлтты, жауын-шашынсыз өтеді. Түнде және таңертең қаланы тұман басуы мүмкін. Солтүстік-шығыстан секундына 3–8 метр жылдамдықпен жел соғады. Ауа температурасы түнде 2–4 градус аяз болса, күндіз ауа 5–7 градусқа дейін жылынады.
Шымкент қаласында да жауын-шашын күтілмейді. Түнде және таңертең кей жерлерде тұман байқалады. Солтүстік-шығыстан соғатын желдің екпіні 2–7 метрге тең. Түнде термометр бағаны 1 градус аяздан 1 градус жылыға дейін құбылып, күндіз ауа температурасы 10–12 градусқа дейін көтеріледі.
Солтүстік және орталық аймақтарда қыс лебі сезіледі
Ақмола, Қостанай және Солтүстік Қазақстан облыстарында қар аралас жаңбыр жауып, көктайғақ болады, жаяу бұрқасын соғуы ықтимал. Ақмола облысында түнде ауа температурасы 0–5 градус аяз болса, күндіз 2 градус аяздан 3 градус жылыға дейін ауытқиды.
Павлодар облысында негізінен жауын-шашынсыз, бірақ тұман түседі. Облыс орталығында түнде 4–6 градус суық, күндіз 0–2 градус жылы болмақ.
Қарағанды және Ұлытау облыстарында ауа райы құбылмалы. Қарағанды өңірінің батысы мен солтүстігінде қар жауып, күндіз жаңбырға ұласады. Мұнда түнде 3–8 градус аяз, күндіз 4 градус аяздан 1 градус жылыға дейін болады. Ұлытау облысының шығысында қар жауады, ауа температурасы түнде 0–5 градус аяз, күндіз 0–5 градус жылы аралығында сақталады.
Синоптиктер еліміздің бірқатар қаласында желсіз тымық ауа райы мен тұман салдарынан зиянды заттар жиналып, атмосфера сапасы нашарлайтынын ескертті.
Батыс, шығыс және оңтүстік өңірлер
Батыс Қазақстан, Атырау және Ақтөбе облыстарында жаңбыр жауады. Батыс Қазақстан облысында тәулік бойы жауын толастамайды. Батыс өңірлерде ауа температурасы түнде 2–8 градус жылы, күндіз 8–13 градусқа дейін жылынады. Маңғыстау облысында күндіз термометр көрсеткіші 10–15 градус жылыны көрсетеді.
Шығыс Қазақстан және Абай облыстарында қар аралас жаңбыр жауып, тұман түседі. Ауа температурасы түнде 1–8 градус аяз болса, күндіз 5 градус аяздан 3 градус жылыға дейін ауытқиды.
Жамбыл, Түркістан және Қызылорда облыстарында ауа райы негізінен жауын-шашынсыз. Күндіз ауа 7–15 градусқа дейін жылынады. Сонымен қатар мамандар Қызылорда, Алматы және Жетісу облыстарының жекелеген аумақтарында өрт қаупі әлі де жоғары болып қалатынын, ал тасжолдардағы көктайғақ пен тұманға байланысты жүргізушілерге сақ болу керектігін ескертеді.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







