Талдықорғанда Ұлы даладағы ел басқару дәстүрінің терең тамырын тарқатқан «Құрылтай феномені» ғылыми еңбегі таныстырылды. Ортағасырлық қолжазбаларға сүйенген зерттеу көне Құрылтай мен қазіргі мемлекеттік институттар арасындағы тарихи сабақтастықты зерделейді, – деп жазады Ertenmedia.kz.
Кітаптың авторлары – мемлекет және қоғам қайраткері, экономика ғылымдарының докторы Омархан Өксікбаев пен шығыстанушы, түркітанушы-лингвист Зәріпбай Оразбай. Таныстырылым Ілияс Жансүгіров атындағы Жетісу университетінде өтті. Дөңгелек үстелге мемлекеттік қызметшілер, ғалымдар, жазушылар, оқытушылар мен студенттер қатысты.
Жиында сөз сөйлеген Жетісу облысы әкімінің орынбасары Диас Есдәулетов Құрылтайды халықтың кеңесіп шешу және ортақ мәмілеге келу дәстүрінің көрінісі деп бағалады. Оның айтуынша, аталған институт тарихтың әр кезеңінде қоғамдық және мемлекеттік басқарудың маңызды тетігі қызметін атқарған. Ол жуырдағы Құрылтай сайлауындағы белсенділік азаматтардың жаңа мемлекеттік институттарға қызығушылығы жоғары екенін көрсеткенін айтты.
Омархан Өксікбаев зерттеудің мақсаты тарихи деректерді жинақтаумен шектелмейтінін атап өтті. Авторлар «Құрылтай» ұғымының мәнін ашып, оның Ұлы даладағы мемлекеттік басқару дәстүрімен байланысын көрсетуге ұмтылған. Еңбекте саяси мәдениет, мемлекеттік тәртіп, азаматтық жауапкершілік пен қоғамдық келісім мәселелеріне айрықша назар аударылған.
«Тарихын терең білетін ұрпақ қана ұлттық мүддені, ел алдындағы жауапкершілікті және мемлекеттің қадір-қасиетін шынайы түсінеді», – деді Омархан Өксікбаев. Оның пайымынша, тарихи танымды жаңа дәуірдің талаптарымен сабақтастыру білімді әрі біртұтас қоғам қалыптастыруға жол ашады. Тамырын таныған ел ғана болашаққа нық қадам басады.
Зәріпбай Оразбай еңбектің деректік негізін ортағасырлық онға жуық қолжазба құрайтынын жеткізді. Араб, парсы және шағатай тілдеріндегі бұл жазбаларды ғалым алғаш рет қазақ тіліне аударған. Түпнұсқалар бұрыннан белгілі мәліметтерді толықтырып, әр дәуірдегі Құрылтай дәстүрін тереңірек тануға мүмкіндік берген.
Талқылауға Өмірәлі Жалаири, Амангелді Есбай, Талғат Тоғанай, Жанұзақ Мүсәпір, Сәбит Суатай және басқа да зиялы қауым өкілдері қатысты. Олар кітаптың тарихи жадыны жаңғыртуға және қазақ мемлекеттілігінің бастауларын зерделеуге қосқан үлесін атап өтті. Ғылыми пікірталас Құрылтайдың саяси мәдениет пен қоғамдық келісім қалыптастырудағы орнына ұласты.
«Кеңесіп пішкен тон келте болмас» деген сөз Құрылтайдың ғасырлар бойғы мәнін дәл аңғартады. Жаңа еңбек сол дәстүрдің тарих қойнауында қалып қоймай, қазіргі Қазақстанның саяси өмірінде жалғасып келе жатқанын көрсетеді. «Құрылтай феномені» ұлттық жады мен заманауи мемлекеттілік арасын жалғайтын маңызды ғылыми көпір болмақ.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







