Астрономдар ғылым тарихында тұңғыш рет Күн жүйесінен тыс орналасқан экзопланетадан тараған тікелей радиосигналды тіркеуге қол жеткізді. Зерттеушілер Жерден 63 жарық жылы қашықтықта жатқан Beta Pictoris b газды алып ғаламшарынан шыққан сәулені Оңтүстік Африкадағы радиотелескоптар желісі арқылы нақты анықтады, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Гарвард және Орегон университеттерінің ғалымдары жүзеге асырған ғылыми жұмыс астрофизика саласындағы маңызды жаңалықтардың бірі ретінде бағаланып отыр. Табылған нысан Юпитерден шамамен 10 есе үлкен әрі массасы жағынан орасан зор газды алыптар санатына жатады.
Зерттеу авторлары тіркелген құбылыстың жатпланеталық өркениетпен еш байланысы жоқ екенін бірден қадап айтты. Beta Pictoris b ғаламшарында қатты беткі қабат мүлдем жоқ, сондықтан онда адамзатқа таныс тіршілік формасының өмір сүруі мүмкін емес.
Ашылған жаңалықтың түпкі құндылығы өзгеде жатыр. Осы уақытқа дейін астрономдар жұлдыздар жүйесінен келетін радиосәулелердің ішінен планетаның өзіндік сигналын оның айналасында жүрген жарық жұлдыздың толқындарынан ажырата алмай келген еді. Енді мамандар тарихта тұңғыш рет импульстің жұлдыздан емес, нақты сол экзопланетаның өзінен шығып тұрғанын бұлтартпай дәлелдеді.
Квазарлар көмегі және магниттік өрісті өлшеу
Радиосигналдың нақты шығу нүктесін анықтау үшін астрофизиктер ғарыш кеңістігіндегі алыс квазарларды өзіндік бағдаршам немесе координаттық нүкте ретінде пайдаланған. Осындай геометриялық дәлдіктің арқасында жарылыстар мен кедергілерді сүзгіден өткізіп, сәуленің көзін тап басып тануға мүмкіндік туды.
Бұл әдіс ғалымдарға экзопланетаның магниттік өрісінің күшін тікелей бағалауға жол ашты. Бұған дейін Күн жүйесінен тыс жатқан ғаламшарлардың магниттік өрісін мұндай дәлдікпен өлшеу мүмкін болмаған еді. Магниттік өріс кез келген планетаның атмосферасын ғарыштық радиациядан қорғайтын негізгі қалқан саналатындықтан, оны зерттеу ғаламның қалыптасу заңдылықтарын ұғыну үшін өте маңызды.
8 сағаттық тәулік: Планета қалай қозғалады?
Ғалымдар анықтаған тағы бір қызықты дерек – Beta Pictoris b ғаламшарының өз осін керемет жылдамдықпен айналатындығы. Ондағы бір тәуліктің ұзақтығы бар болғаны 8–9 сағатқа ғана созылады.
Зерттеушілердің пікірінше, алып дененің дәл осындай аса қарқынды айналымы оның ішкі қойнауында аса қуатты магниттік өрістің пайда болуына тікелей түрткі болған. Планетаның терең қабаттарындағы сұйық металдық қосылыстар мен газдардың қозғалысы алып динамо-машина секілді радиосәулелер генерациялап, ғарышқа толқын таратады.
Ғылыми топ ендігі кезекте осы тәсілді көршілес бес жұлдыздық жүйеде орналасқан тағы жеті ірі экзопланетаға қолданып көрмек. Бұл әдістеме ғарыштағы өзге ғаламшарлардың құрылымын, эволюциясын және болашақта Жерге ұқсас мекендеуге жарамды ортасы бар әлемдерді іздестіру бағытын жаңа деңгейге көтереді.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







