Байқоңырдағы Георгий Шубников атындағы саябақта орналасқан ашық аспан астындағы мұражайдың қоры бірегей жаңа жәдігермен толықты. Қалаға ғарыш өнеркәсібінде аңызға айналған РД-171 отбасына тиесілі сұйық отынды алып зымыран қозғалтқышы сыйға тартылды, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Тарихи маңызы бар техникалық экспонатты ғарышкерлер шаһарына академик В. П. Глушко атындағы «Энергомаш» ғылыми-өндірістік бірлестігі ұсынды.
РД-171 – әлемдік зымыран жасау тарихындағы өз класындағы ең қуатты төрт камералы сұйық отынды қозғалтқыш саналады. Жанармай ретінде экологиялық тұрғыдан қауіпсіз сұйық оттегі мен керосин қоспасын пайдаланатын агрегат тарту күші жағынан әлі күнге дейін теңдессіз көрсеткіштерге ие.
Салмағы шамамен 10 тоннаны құрайтын темір алып арнайы дайындалған тұғырға (пьедестал) орнатылды. Қазіргі уақытта жаңа жәдігердің айналасында абаттандыру жұмыстары аяқталып, заманауи түнгі жарықтандыру жүйелері тартылып жатыр.
«Зениттен» бастап «Бәйтерек» кешеніне дейін
Бұл қозғалтқыштар отбасының ғарыш айлағы үшін тарихи орны ерекше. Кезінде РД-170/171 қозғалтқыштары Кеңес Одағының аса ауыр «Энергия» зымыран-тасығышының бүйірлік үдеткіштерінде және әйгілі «Зенит» зымырандарында қолданысқа енген еді.
Бүгінгі таңда осы қозғалтқыштың терең жаңғыртудан өткен заманауи модификациясы – РД-171МВ жаңадан жасақталып жатқан «Союз-5» зымырандарының бірінші сатысына арналған. Дәл осы тасығыштар болашақта Байқоңыр ғарыш айлағындағы бірлескен қазақстандық-ресейлік «Бәйтерек» ғарыштық зымыран кешенінен ұшырылады деп жоспарланған. Сондықтан жаңа экспонат келушілерге өткеннің тарихын ғана емес, айлақтың болашақ бағытын да таныстыратын символдық мәнге ие.
Мұражайдың маңызы: Туристер мен ғарышкерлер тамашалайтын орын
Ашық аспан астындағы әскери-ғарыштық кешен Байқоңыр қаласы мен ғарыш айлағының 70 жылдық мерейтойына орай ашылған болатын. Саябақ айлақтың алғашқы құрылыс бастығы, генерал-майор Георгий Шубниковтың есімімен аталады.
Бүгінде мұражай аумағында осы айлақтан ғарышқа көтерілген зымырандардың дәл макеттері және шынайы техникалардың үлгілері қойылған. Кешен қала тұрғындары мен келуші туристер үшін ең танымал демалыс орнына айналып үлгерді.
Сонымен қатар Халықаралық ғарыш станциясына ұшуға келген негізгі және дублер экипаж мүшелері сапар алдында саябақты міндетті түрде аралап, тарихи техникалардың алдында естелік суретке түсуді игі дәстүрге айналдырған. Жаңа қойылған РД-171 қозғалтқышы осы ғарыштық аллеяның басты көркіне айналмақ.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







