Маңғыстау облысындағы Каспий теңізінде өткен әскери оқу-жаттығу кезінде аман қалған үш сарбаз мерзімді әскери қызметін аяқтап, үйлеріне оралды, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Әскери-теңіз күштері қатарында борышын өтеген матростар Ақжол Темірхан, Қуандық Бекет және Никита Удалов туған жерлеріне жетті. Он төрт қаруласынан айырылған жауынгерлердің елге оралуы әдеттегі армиялық шаттық пен салтанатсыз, ауыр үнсіздікте өтті.
Жаңаөзендік сарбаз және қаруластарға тағзым
Аман қалғандардың бірі, Жаңаөзен қаласының 19 жастағы тұрғыны Ақжол Темірхан емдеу мекемесінен жақында ғана шықты. Оқыс оқиғадан кейін оған ауруханада тиісті медициналық көмек көрсетілген еді.
Қоғам белсендісі әрі блогер Азамат Сәрсенбаев сарбазбен және оның отбасымен кездескенін әлеуметтік желідегі парақшасында жариялады. Ол жас жауынгердің бастан өткерген ауыр психологиялық салмағын сөз етті.
«Әдетте сарбаздардың әскерден қайтуы шаттық пен ән-күйге, естелік суреттерге толы болады. Алайда бұл жолы олай емес. Ақжол – Маңғыстау облысынан шақырылып, аман қалған жалғыз сарбаз. Ол қаза тапқан қаруластарының аманаты мен ауыр естелігін арқалап қайтты», – деп жазды белсенді.
Ақжол Темірхан ата-анасымен бірге қаза тапқан барлық 14 жауынгердің шаңырағына арнайы барып, олардың жақындарына жеке көңіл айтуды ұйғарған.
Сарбаздардың қауышуы және марапат
Атырау облысынан шақырылған Қуандық Бекет пен Батыс Қазақстан облысының тумасы Никита Удалов та қызметтерін аяқтап, туыстарымен қауышты. Әлеуметтік желіде олардың теміржол вокзалында жақындарымен құшақтасып, көз жасына ерік берген сәттері тарады.
24 қыркүйек күні Каспий жағалауындағы оқу-жаттығу барысында ауа райы күрт бұзылып, қатты дауылдың салдарынан 17 әскери қызметшіні ашық теңізге алып кеткен еді. Қайғылы оқиғадан 14 сарбаз көз жұмып, тек осы үш жауынгер аман құтқарылды.
Президент Тоқаевтың жарлығымен әскери борышын орындау кезінде батылдық пен жанқиярлық көрсеткені үшін аман қалған үш матрос «Ерлігі үшін» медалімен наградталды. Ал қаза тапқан әскери қызметшілерге мемлекеттік наградалар қайтыс болғаннан кейін берілді.
Министрдің отставкасы мен кадрлық шешімдер
Каспийде орын алған қайғылы жағдай қоғамда үлкен резонанс тудырып, әскери басшылық құрамындағы түбегейлі өзгерістерге себеп болды. Президент Тоқаев Қорғаныс министрі Дәурен Қосановты қызметінен босатты.
Сонымен қатар Қорғаныс министрлігіндегі жағдайды кешенді тексеру үшін арнайы комиссия құрылып, оқиға бойынша қылмыстық іс қозғалды. Тергеу барысында Әскери-теңіз күштері бас қолбасшысының бірінші орынбасарын, әскери бөлімдер мен катер командирлерін қоса алғанда, бірнеше жоғары лауазымды офицер ұсталды.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







